427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Экология министрі Маңғыстаудың эко-проблемаларын талқылады

  • 138
  • UPD: 16:42, 07.10.2020
Экология министрі Маңғыстаудың эко-проблемаларын талқылады

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің қатысуымен өткен ZOOM-конференцияда өңірдегі экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған жол картасы таныстырылды.

Министрдің сөзінше, жол картасы облыстағы ең өзекті деген экологиялық проблемаларды қамтиды.

«Жол картасы 7 бөлімнен тұрады. Атап айтқанда, көгалдандыру, қалдықтарды басқару, жер қойнауын пайдалану, ірі өндіріс ошақтарының шығаратын қалдықтары, радиоактивті қалдықтар және тағы басқа мәселелер. Жалпы жобаны дайындар алдында Маңғыстау облысындағы экологиялық ахуалға кешенді сараптама жасалды. Осы уақытқа дейінгі халықтың өтініш-тілектері ескерілді. Қазір де барлық мәселе толық қамтылуы үшін кері байланыс өте маңызды», – деді министр.

Кездесуге қатысқан қоғамдық ұйымдар мен ірі кәсіпорын өкілдері өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту бойынша өз ұсыныстарын берді. Көпшіліктің пікірінше, облыста тәуелсіз экологиялық мониторингті күшейтіп, ауаның сапасын бақылайтын арнайы құрылғылар орнату керек. Экотуризм қолға алынуы қажет. Сонымен бірге жиында «Қызыл кітапқа» енген Каспий итбалығын сақтап қалу мен «Қошқар ата» қалдық қоймасының экологиялық проблемалары да көтерілді.

«Қошқар ата» – біздің мақтанышымыз, ежелгі заманның ең ескі ескерткіштерінің бірі. Өкінішке қарай, азаматтарымыз тарихи жердің аумағын ластап жатыр»,  – деді «Эко Маңғыстау» қоғамдық бірлестігінің басшысы.

Министрдің сөзінше, көтерілген мәселелердің көбі жол картасы жобасына енгізіліп қойған.

«Жол картасы жұмыс істейтін, өзекті экологиялық шешімдер көрініс тапқан құжат болуы тиіс. Әркім де ондағы пунктілердің орындалуын қадағалай алады. Қосымша ұсыныстарыңыз да сонда енгізіледі», – деп атап өтті М.Мырзағалиев.

Жол картасы жобасы бойынша қоғам өкілдері екі апта ішінде өз ұсыныстарын бере алады.

Айта кетейік, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі еліміздің барлық өңіріндегі экологиялық проблемаларды жұртшылықпен талқылап, әрқайсына жеке жол картасын әзірлеуде.

Хабар 24 телеарнасы