428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


COVID-19: еліміздің барлық әуежайында жолаушылар жіті тексерілуде

  • 92
  • UPD: 20:56, 07.10.2020

Елдің бірнеше өңірінде сырттан келген жолаушылар карантиндік стационарға оқшауланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бесінші қазаннан бастап елде жаңа шектеулер енгізілгені белгілі.

Осыған орай, барлық әуежайда жолаушылар жіті тексеріліп жатыр. Келгендердің қолында ПТР тест қорытындысы болуы тиіс. Ол болмаса 2 күнге карантиндік стационарға жатқызылады.

Қолында анықтамасы жоқ жолаушылар карантиндік стационарға жатқызылып жатыр. Мысалы, Ыстамбұлдан Ақтауға ұшып келген 11 адам оқшауланды. Олар ПТР тест тапсырып, қорытындысын күтеді. Жалпы, Маңғыстау өлкесіне Түркиядан 94 жолаушы келген. Олардың сексен үшінде анықтама болған. Ақтау әуежайы халықаралық рейстерде тек осы Ыстамбұл-Ақтау бағытындағы ұшақтарды қабылдап жатыр.

Ғазиз Надуев, Маңғыстау облысының бас санитар дәрігері:

– Бүгінгі таңда шетелден ұшып кеп жатқан Қазақстан азаматы, басқа елдің азаматтары болсын бәріне термометрия өткізіледі. Және де анкетирования өтеді. Сондықтан да ол теміржол болсын, теңіз жолымен болсын, көлікпен келіп жатқан кісілер осындай қатаң тексеріспен есепке алынады.

Ақтөбеде шетелден келгендерді карантинге жатқызу үшін 440 орындық үш стационар ашылды. ПТР тест тапсырмай келген отандастарымыз оқшауланады. Сол жерде тест тапсырады. Вирус анықталмаса, үйіне барады. Ал анықтамасы жоқ шетелдіктер елге мүлде кіргізілмейді. Тест тапсырғаны туралы анықтама 72 сағатқа ғана жарамды. Стационарлар ашылғалы 70-ке жуық адам оқшауланды.

Нұрсұлу Беркімбаева, Ақтөбе облысының бас санитарлық дәрігері:

– Бізде екі авто шекара бар. Бұл Жайсан мен Әлімбет. Қарғалы ауданында және Мартөк ауданында. Әлімбетте 40 орындық карантиндік стационар ашылып тұр. Жайсанда қазір 100 орындыққа ашылуға дайындалып жатыр. Сонымен қатар Ақтөбе қаласында 400 орындық медициналық университеттің А.Досжанова атындағы жатақхана 3-4-блок дайындалып жатыр.

Ал елордаға сырттан ұшып келген 125 жолаушы оқшауланды. Ал екі шетел азаматы ПТР тест қорытындысы болмағандықтан, еліне кері қайтарылған. Әуежайдың баспасөз қызметі хабарлағандай, халықаралық рейстерде 521 жолаушы болған. 

Зарина Буенбаева, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының ресми өкілі:

– Түркия мен Беларусьтан келген 2 азамат депортацияланды. Себебі, жолаушылардың бірінде ПТР тест анализінің мерзімі ескірген. Екінші жолаушыда экспресс тест анықтамасы ғана болған.

Ал кеше Атырауға Ыстамбұлдан әуе қатынасы арқылы 115 жолаушы келген. Он сегізінде COVID-19-ға тапсырған тест нәтижелері болмаған. Барлығы 2 күнге оқшауланып, сынама алынды. Бүгін шыққан қорытындыға сәйкес, жолаушылардың ауру жұқтырмағаны анықталған. Сондай-ақ Амстердамнан келген 48 жолаушының үшеуінде анықтама болмапты. Олардан да сынама алынып, қауіпті індетке шалдықпағаны белгілі болды. Айта кетейік, соңғы тәулікте облыс бойынша 6 адамнан ауру белгілері анықталды.

Гүлнәр Ербатырова, облыстық бас санитарлық дәрігерінің орынбасары:

– Қолдарында коронавирустық жұқпаға теріс мәнді анықтамасы болмаса, олар екі күнге оқшауланып, олардан коронавирустық жұқпаға ПТР әдісімен анализ алынып, теріс мәнді шыққаннан кейін олар әрі қарай, түсіндіру жұмысы жүргізіліп, үйлеріне жіберіледі. Бүгін 19:30-да Амстердам-Атырау рейсі келу жоспарлануда. Шамамен 63 адамдай болады. Жаңағыдай тәртіппен шаралар жүргізіледі.

Жаңа шектеулерге орай, Түркиядан келетін рейс саны қысқартылды. Сондай-ақ өзге елдерге де жаңа рейстер қосылмайды. Ал Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы елдер мен Өзбекстаннан көлікпен келетін жолаушыларға да осындай талап қойлады. Олар шекарадағы бақылау-өткізу пункттерінде тексеріледі.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина

Хабар 24 телеарнасы