428,50 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Екінші толқынға дайындық: Президент Үкіметке қандай тапсырма берді?

  • 406
  • UPD: 20:50, 07.10.2020

«Қазір көптеген елде санитарлық ахуал күрделеніп барады. Бұл – коронавирус қайта өршиді деген сөз». Індеттің екінші толқынына дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізген Мемлекет басшысы осылай деді.

Өткен күннен сабақ алып, біраз тәжірибе жинадық. Бірақ әлі де қатер басым. Көптеген елде санитарлық ахуал күрделеніп барады. Бұл – коронавирус қайта өршиді деген сөз. Не керек, вирустың қайта күш аларын болжап, осы күндерге ертерек қамдандық. Қажетті шараның бәрі қабылданды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Құзырлы органдардың барлығы індетпен күреске дайын. Еліміздің біртұтас биоқауіпсіздік жүйесін құру жұмысы басталды. Халықаралық қауымдастық ұлттық вакцина әзірлеу жөніндегі жұмыстарымызға қолдау білдіріп отыр. Қазір клиникалық зерттеулер жүргізілуде. Бұл еліміздің ғылым саласының әлеуеті зор екенін көрсетеді.

Індетпен күресте тәжірибеміз бар деп босаңсуға болмайды. Жаздағы күрделі ахуалдың зардаптарын естен шығармағанымыз жөн. Бірақ өкінішке қарай...

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Өкінішке қарай, азаматтарымыз, тіпті жергілікті билік өкілдері сақтық шараларын ұмыта бастады. Эпидемияны ауыздықтау – оңай шаруа емес. Оның экономикаға және халықтың әл-ауқатына тигізетін салдарын барынша азайту – маңызды міндет.

Президент осыдан соң кеңеске қатысып отырғандарға жіктеп тұрып, бірнеше тапсырма берді. Біріншіден, анықтайтын тестің көлемі барлық аймақта бірдей емес. Сынама алуды көбейту керек деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Оның құны да бізде арзан болмай тұр. 10 мың мен 18 мың теңгенің аралығында.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл бағаны халықтың басым бөлігінің қалтасы көтере бермейді. Тестің жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін Үкімет пен әкімдер осы мәселені шешуі тиіс. Маскалар да қымбат болмауы керек. Бетпердені тұрғындарға барынша төмен бағада ұсыну қажет. Ресеймен салыстырғанда, бізде маска қымбат. Үкімет алдағы уақытта аталған қорғаныш затының құнын 60 теңге көлемінде бекітуді жоспарлап отыр. Бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігіне бағаға қатысты сараптама жүргізуді тапсырамын.

Екіншіден. Жазда біздің жұрт дәрі-дәрмектің тапшылығын айқын сезінді. Жасыратын ештеңе жоқ. Бірақ Президент араласып, мәселе реттелді. Сөзімізге тұздық. Екі айға жететін қор жасақталды. Ең қажетті деген препараттардың тізімі ұлғайтылды. Оны сырттан әкелу және тіркеу тәртібі жеңілдетілді. Бірақ әлі де өңірлерде дәрілердің қоры және дайындық жұмыстары біркелкі емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Денсаулық сақтау министрлігінің өңірлердегі дайындық барысына берген бағасымен таныстық. Соған сәйкес, Маңғыстау және Алматы облыстарында емханалар мен ауруханалардың дайындығы нашар екендігі анықталып отыр. Осы олқылықтарды Үкімет пен әкімдер дереу түзетуге міндетті.

Енді Үкімет әкімдермен бірлесіп, екі аптада тұрақтандыру қорларын белгіленген нормативке сәйкес жасақтап, медицина инфрақұрылымының толық дайын болуын қамтамасыз етуі тиіс. Бұл – Президенттің «екінші» деп басымдық берген тапсырмасы.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Үшінші мәселе. Мониторинг жүргізетін топтардың белсенділігі төмендеп барады. Әлеуметтік желілер арқылы түрлі жиын-тойларда түсірілген фотосуреттер таралуда. Мониторинг жүргізетін топтар тексерістерін азайтты. Бұл ретте карантин шаралары сақталмай, заң бұзу деректері көбейіп кетті. Әкімдерге мониторинг жүргізетін топтардың жұмысын жандандыруды тапсырамын. Ведомствоаралық комиссия осыны қатаң бақылауға алуға тиіс.

Президенттің тапсырмасын уақытында орындау міндет. Бірақ асыра сілтемеу керек. Мәселен, «СК-Фармация» мен Медициналық сақтандыру қорының төңірегіндегі қылмыстық тергеудің әсірінен тұтас денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру тоқтап қалған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл дегеніміз, мемлекеттік органдар өкілдерінің келіспей, үйлесімді әрекет етпеуін білдіреді. Мұндайға жол бермеу керек. Мәліметтер қолмен жиналады. Медициналық ұйымдар өзара ақпаратпен алмаспайды. Эпидемия бойынша толық цифрлық көрініс жоқ. Үкімет пен Президент Әкімшілігі бұл проблеманы жақын арада шешуі керек. Медицинаны сандық жүйеге негіздеу, мәліметтер базасын интеграциялау жөніндегі жауапкершілікті ешкім де алып тастаған жоқ.

Бесіншіден. Кеңесте Мемлекет басшысы медицина мамандарының абыройын көтере сөйледі. Президент біздің басты ресурсымыз дәрі яки түрлі қондырғылар емес, ақ халаттылар деді. Дәрігер қауымның қадірін жақсы білетін Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен екінші жартыжылдықта мамандарға өтемақы төлеу үшін 150 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Дегенмен ақ халатты абзал жандар қосымша ақы немесе сақтандыру төлемін алатын кезде әлі күнге дейін түрлі бюрократиялық кедергілер жасалады. Қаражатты үйлестіруде ашықтық жоқ. Бұған енді жол бермеу керек. Бас дәрігерлер жұмыс уақытының есебін түзетуді медицина қызметкерлерінің пайдасына емес, керісінше жасауға тырысып жүр. Дәрігерлер өздеріне тиесілі ақшаны сұрап алмауы тиіс.

Пандемия кезінде елде коронавирустан 182 медицина маманы ажал құшыпты. Өкінішті. Өзек өртенеді. Осы күнге дейін қара жамылған 37 отбасыға ғана жәрдемақы төленген. Түрлі зерттеулерді жүргізбей-ақ, ақ халатты жақындарынан айырылған жанұяларға тиісті көмек қаржыны беру керек. Президент Үкіметке осыны міндеттеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Алтыншы мәселе. Үкімет медициналық көмектің өзге түрлерін де көрсетуді ұмытпауға тиіс. Ана мен бала денсаулығын қорғау – негізгі басымдықтың бірі. Өкінішке қарай, ана өлімі көрсеткіші барлық өңірде бірнеше есе көбейіп кетті. Былтырғы 8 айда 36 әйел қайтыс болса, биылғы 8 айда 131 әйел қайтыс болыпты. Неге бұл адамдарға көмек көрсетілмеді? Қандай шаралар қабылданып жатыр? Бұл өте өзекті сұрақтар. Оларға әкімдер жауап беру керек. Үкіметке өңірлермен бірлесіп, аталған фактілердің әрқайсысын тексеріп, нәтижесін баяндауды тапсырамын.

Бұдан бөлек, кеңес кезінде Президент денсаулық сақтау министрінен вакцина мәселесі не болғанын сұрады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Халыққа екпе егу жайы не болды? Жұртты вакцинамен қамтамасыз ету керек қой. Басқаша болмайды. Әрине, әртүрлі әдістерді қолдануымызға болады. Ұйымдастыру шаралары, немесе тағы басқа. Дегенмен ең бастысы адамдардың вирус жұқтыруын вакцинаның көмегімен тоқтата аламыз.

Алексей Цой, ҚР денсаулық сақтау министрі:

– Иә, бұған көп көңіл бөліп жатырмыз. Біз қазір жеткізушілермен келіссөздер жүргіздік. Алғашқысы – Ресейде жасалған «Спутник-5». Біз кепілдендірілген жеткізу туралы келісімге келдік. Ресей Федерациясы ресми түрде тіркеп, жеткізуді бастағаннан кейін алатын боламыз. Оған қоса, «Астразеноко» компаниясынан алу мүмкіндігін де қарастырып жатырмыз. Ол да Ресей Федерациясында шығарылған. Осындай жұмыстар жүріп жатыр. Сонымен қатар біз Қазақстанның вакцинасына да көп көңіл бөліп жатырмыз. Ол бірінші және екінші сынақ кезеңінен өтуде. Клиникаға дейінгі сынақ сәтті өтті. Оған алынған сынамалар дәлел бола алады. Қазір еріктілерге бірінші және екінші фазадағы вакцинасы жасап, тексеріп жатырмыз. Бұл кезеңді білім және ғылым министрлігі мен біздің министрлік қараша-желтоқсан айларында аяқтайды деген үміттеміз. Сонан соң үшінші кезеңге өту фазасына өтеміз. Оған қоса, вакцина шығаратын зауыт салынып жатыр. Желтоқсан айында іске қосылуы керек. Осылайша біз ел ішінде вакцина шығару мәселесін шешеміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жұмыстарды жеделдету керек. Бұл денсаулық сақтау министрлігі мен Үкіметтің басты бағыты болуы тиіс. Азаматтарға вакцина керек. Әрине, екпе өзі қалаған адамға жасалатын болады. Дегенмен басқа жол жоқ. Вакцинациялау өте қажет. Сатып аламыз ба, әлде өзіміз шағарамыз ба, адамдар екпе алуы керек. Бұл ең басты міндет деп санаңыз. Отандық өндіріс те оң жолға қойылады деген үміттемін. Қазақстан институттарының жұмысы оң нәтиже береді деп ойлаймын. Білім және ғылым министрінің вакцина алғанын білеміз. Бәрі жақсы болады деген үміттеміз. Не болса да, адамдарды вакцинамен қамтамасыз ету керек.

Медициналық бағытта тиісті тапсырмасын берген соң, Президент қауіпсіздік тұрғысында сөйледі. Жаһандағы эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты шекарадағы өткізу бекеттерінде де бақылауды күшейту қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Әуежай мен теміржол вокзалдарына эпидемиологиялық бақылау бойынша қатаң режимді қайта енгізу керек. Қауіпті аймақтардан келген жолаугшыларды экспресс-тестен өткізу қажет. Шетелдерге барып-келуді оңтайландыру үшін Үкімет осы жағдайды мұқият зерделеуі тиіс.

Ал әкімдер жылу электр орталықтары, су құбырлары, ірі кәсіпорындар сынды стратегиялық нысандардың жұмысын тоқтатпауына жауапты болады. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тағы бір аса маңызды міндет. Екінші толқынға дайындық деп жатқанда, елден құс тұмауының шығуы жағдайды күрлендіре түсті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл орайда ауыл шаруашылығы министрлігіне айтарым, ветеринарлық шаралармен қатар ауыл тұрғындарын қолдау мақсатында экономикалық тетіктерді әзірлеу қажет. Үй аулалары мен фабрикаларда қырылған құстардың орнын толтыру керек. Ветеринарлық қызметтің дамуы көңіл көншітпейді. Салдарынан құс тұмауына қарсы дер кезінде әрекет жасалмады. Үкімет осы ветеринарлық саланы жетілдіру үшін кешенді шаралар әзірлеуі тиіс. Қорларды азық-түлікпен қажеті көлемде қамтамасыз етіп, бағаны тұрақты ұстап тұру да маңызды екенін атап өткім келеді. Себебі жыл басынан бері елде әлеуметтік тауар құны 4 процентке қымбаттаған.

Кеңес соңында Президент экономикалық һәм қаржылық тұрақтылық жайына тоқталды. Біздің елде экономикалық белсенділіктің күрт төмендеуіне жол берілмеді. Бизнесті ынталандыру жөнінде шаралар қабылданды. Халықтың аз қамтылған тобына көмек берілді. Дүниежүзілік банк әлеуметтік-экономикалық дамуымыздың негізгі көрсеткіштерін жоғары бағалаған.

Президент кеңесті былай деп түйіндеді. «Қазір әлемдегі жағдай күрделі. Тіпті кейбір аймақтағы ахуал ушыға түсті. Бұл жағдай, әрине бізді де алаңдатады. Сондықтан әлемде болып жатқан оқиғалардан сабақ алуымыз керек. Елдің береке-бірлігі мен амандығы бәрінен қымбат. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген дана халқымыз. Біздің барлық жетістіктеріміз – ең алдымен ауызбіршіліктің арқасы. Осыны ұмытпаған жөн».

Авторры: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы