432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысында жаңа жолдың сапасы сын көтермейді

  • 186
  • UPD: 21:12, 07.10.2020

Мамандар биыл 47 рет сынама алып, 60 тан аса кемшілікті анықтаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Таяуда Кентау қаласына қарасты Ұшқайық ауылының тұрғыны да Түркістан-Балтакөл жолында тастың үстіне асфальт төсеп жатқан мердігер мекеменің ісін әлеуметтік желіде жариялаған болатын.

Алдымен қоғамда қызу талқыға түсіп, жұрттың ашу-ызасын тудырған мына видеоға назар аударсақ. Әлеуметтік желіде желдей ескен бұл кадрлерде Ұшқайық ауылы тұрғынының талапты сақтамай, жол төсеп жатқан техниканы тоқтатып, кемшілігін бетіне басып жатқаны анық көрінеді.

Аталған бейнетүсірілім бойынша облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан тексеру тағайындалды. Сөйтіп асфальттің талапқа сай салынбағаны анықталды.

Ролан Ибрагимов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Оны ертең бұзып, басынан салатын болады. Ол жерде салған адамның кінәсі болып отыр. Басшылығы бізден және халықтан кешірім сұрады. Бұл жерде айта кететін бір мәселе ол жұмыс орындау актісімен қабылданбаған.

Сондықтан басқарма мердігер компанияға айыппұл салып, жауапқа тарта алмаған. Бірақ мұндай кемшіліктер басқа қабылданған жолдардан да анықталған. Мәселен, биыл өңірдегі ұлттық сапа орталығы 10 рет тексеру жүргізіп, 61 кемшілікті әшкереледі. Алынған 47 сынаманың нәтижесінде жолдың қалыңдығы мен тегістігі талапқа сай болмай шыққан.

Данияр Камалов, жол активтері ұлттық сапа орталығы облыстық филиалының инженері:

– Бізде биылғы кемшіліктер ауыр жүк көліктері көп жүретін Мақтаарал ауданы, Түркістан, Арыс аудандарында анықталды. Біз ол туралы мердігер мекемелерге хат жазып, жазбаша жібердік.

Мұндай кемшіліктер өткен жылы да тіркелген. Жаңадан төселеген 14 шақырым жол сүріліп қайта төселіпті. Оған мердігер мекемелердің салғырттығы себеп болған. Ал биыл қанша шақырым жолдың қайта салынары әзірге белгісіз. Айта кетейік, биыл өңірде автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 52,3 млрд теңге қаржы бөлінген.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы