428,50 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда көлік ұрлығы көбейді

  • 93
  • UPD: 23:46, 07.10.2020

Ұрылар әсіресе, қымбат техникаға көз алартады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті еркінсігендері сонша, жымысқы әрекетін түн жамылып келмей, тапа-тал түсте де жүзеге асыра бастаған. 

Асқар жуырда сатып алған көлігінен айдың-күннің аманында айырылып қалды. Сол күні темір тұлпарды жұбайы тізгіндеген. Түске таман әйелі үйге кіріп, қайта шыққанда көлік орнында болмайды. Асқар дереу полицияға қоңырау шалған. Тәртіп сақшылары жедел іздестіру шарасы кезінде ұрлықтың алдын ала тыңғылықты жоспарланғанын анықтады. Ауладағы автотұраққа қойылған көлікті «пысықай» көпшілікке байқатпай айдап кеткен. Алдымен қала орталығындағы көшелермен жүріп өтіп, кейін бейнебақылау жүйесінен ғайып болған.

Асқар Жұбаниязов, көлік иесі:

– Дәріханаларда, дүкендерде орнатылған бейнебақылау құрылғыларының таспаларын қарап шығып, бағытын біліп алуға тырыстық. Полицейлермен қоса, туыстарымыз бен достарымыз да іздестірді. Көлікті үш күннен соң таптық. Бір ескі үйдің ауласында тұр екен. Ауланың қақпасы ашық болды. Ал көлік жабындымен жабулы тұрды.

Күдікті қамауға алынды. Ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Нұрлан Бисенов, Орал қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары:

– Ұрланған көлік иесіне қайтарылды. ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу әрекеттері жүріп жатыр.

Ұрылардың кейбірі тезе арада ұсталса, кейбірі ұшты-күйлі жоғалады. Қалада дәл осындай қылмыстық істердің 13-і әлі күнге ашылмаған. Зардап шегушілер жедел іздестіру топтарының техникалық мүмкіндігіне көңілдері толмайтынын айтады.

Асқар Жұбаниязов, көлік иесі:

– Іздестіру жасағында жедел басқару орталығымен байланыс жүйесі бар көлік болуы керек. Әйтпесе, қазір полицейлер бейнебақылау құрылғыларының көмегіне жүгіну үшін облыстық полиция департаментіне барып, қағаз толтырады. Осылайша уақыт созып алады. Бұған қоса, басты көшелердің қиылысындағы бейнебақылау жабдықтары істемейді.

Шаһарда көлік ұрлау деректерінің азаяр түрі жоқ. Былтыр 60 темір тұлпар ұрланса, биыл 76-ға жеткен. Жүгенсіздердің тал түсте тайраңдап, қылмыс жасауы жүргізушілерді үрейлендіріп отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы