428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада жаңадан салынған көп қабатты тұрғын үйге жылу берілмеген

  • 241
  • UPD: 09:25, 08.10.2020

Салдарынан тұрғындар өз үйінен безіп, басқа пәтер жалдауға мәжбүр болып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың шағымдары тиісті мекемелерге жетсе де, түйіткіл толық шешілмепті.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Бұл пәтерге Торғаевтар отбасы жуырда ғана қол жеткізген. Алайда, жылдар бойы күткен жаңа баспанада әзірге тұрақтап тұру мүмкін болмай тұр. Себебі, үйге жылу берілгенде құбырлардан су ағып кеткен. Сондықтан жөндеу жұмысы қолға алыныпты. Ал, жанұя мүшелері әзірге өзге үйді жалдап тұруға мәжбүр.

Жаңылдық торғаева, қала тұрғыны:

- Менің қызыма осы бір бөлмелі пәтерді берген, мемлекеттік жұмыста істейді, 6-7 жылдан бері жиып-теріп алған үйі. Содан үй жалдайды. Міне, заттары.

Қазір бір подъезде тұратын ондаған отбасы дәл осындай күй кешіп отыр. Айтуларынша, кешігіп берілген ыстық және салқын су мен жылу кенеттен келгенде бір пәтерден су кетіп, көршілерге кірген. Тіпті төменгі қабаттарға аққан көрінеді. Тұрғындардың шағымынан соң кейін су беру тоқтатылған. Салдарынан жылусыз қалыпты.

Алма Бегалина, қала тұрғыны:

- Жаз өтті, күз өтті. Енді қыс болады 1-2 күнде. Бүгін қар жауып жатыр. Осылай жүреміз бе біз?

І.Омаров көшесіндегі 250 пәтерлі көп қабатты бұл үй өткен жылы тұрғызылған. Ал, жылу, су желілері биыл ғана тартылып, алғашқы тұрғындары бірер апта бұрын ғана кірген. Дегенмен, құбыр желілерінен көп ақау тапқан олар, «қоныс тойын тойлауға әзір ерте», дейді.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Бұл үй мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғызылған. Алайда, тұрғындары қазір күн суытқанда, тұратын жылы жер іздеп жан-жаққа кетіп жатыр. Өйткені мұнда қалыпты тұрмыс үшін жайлы жағдай жасалмаған.

Тұрғындардың шағымы тиісті ұйымдарға әлдеқашан жеткен. Шенеуніктермен кезекті рет кездесуінде жаңа үйдің кемшіліктері тағы тізілді. Белгілі болғандай, су мен жылу мәселесі жақын маңда құрылыс жүргізген мердігер компанияның орталықтандырылған құбыр желісін бұзуынан туындаған. Қазір кәсіпорын өз қаражаты есебінен ол олқылықты түзепті. Дегенмен, жаңа үйді жылумен толық қамту үшін әлі бірер күн қажет екен.

Самат Сәрсенғалиев, қалалық құрылыс басқармасының басшысы:

- Қазір тоғыз подъездің сегізінде жылу бар. Ал, салқын және ыстық су әзірге үшеуіне берілді. Енді алдағы жұмаға дейін бұл жұмысты толық аяқтаймыз. Ол үшін қазір мердігер компанияның қателігінен кейін желіні тестілеуден өткізіп жатырмыз.

Тұрғындар бұл мәселенің осы аптада шешілетінінен үмітті. Себебі, көбінің басқа пәтер жалдауға қаржы-қауқары жоқ.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы