429,38 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында электр энергиясына тариф өзгермейді

  • 150
  • UPD: 09:21, 08.10.2020
Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында электр энергиясына тариф өзгермейді

Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында электр энергиясына тариф ендігі жылдың наурыз айына дейін өзгермейтін болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Маңғыстау облысындағы екі елді мекенді тоқпен жабдықтауға жеке компания жауапты. Серіктестік өкілдері осы жаздан бастап тарифті көтеру туралы ұсынысын өкілетті органға жазбаша түрде жолдаған еді. Алайда, өңірлік табиғи монополияларды реттеу департаменті сұранымды кері қайтарып, келер көктемге дейін тариф мәселесіне нүкте қойды. Бір ай бұрын облыс орталығында осы тақырыпта қоғамдық тыңдау өткен еді. Жиында әлгі компанияның электр қуатының бағасын Мұнайлы ауданында 14 теңге 43 тиыннан 15 теңгеге, ал ақтаулықтар үшін 15 теңге 96 тиыннан 16 теңге 83 тиынға көтеруге ниетті екені айтылды.

Жандос Сәлімов, ҚР Табиғи монополияларды реттеу комитеті аймақтық департаментінің басшысы:

- Маңғыстау облысындағы елді мекендерді тоқпен жабдықтауға 7 мекеме жауапты. Олар қалалық энергокомбинат өндірген электр энергиясын тасымалдаумен айналысады. Биыл 29 маусымда Энергетика министрлігі шығарған жарлыққа сәйкес елімізде тариф өзгергені мәлім. Осыған сай энергокомбинат қолданыстағы бағаны 12 теңге 12 тиыннан 13 теңге 10 тиынға көтерді. Жоғарыдағы сұранымның туындауы да осы себепті. Алайда серіктестік ұсынған құжаттарға қатысты сұрақтар болды. 16 қыркүйекте Елбасы төрағалығымен қауіпсіздік кеңесінің отырысы өткенін де білесіз. Тарифтің орынсыз көтерілмеуіне жол бермеуге қатысты айтылған Президент тапсырмасы біздің осы шешімді қабылдауымызға түрткі болды.

Хабар 24 телеарнасы