428,77 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде көп қабатты тұрғын үйді тарақан жайлап кеткен

  • 102
  • UPD: 11:19, 08.10.2020

Ақтөбедегі көп қабатты үйдің бірінде тарақан өріп кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пәтер иелері бірнеше мәрте улағанмен, жәндіктерден арыла алмай әлек. Сондықтан тұрғындар коммуналдық қызмет көрсететін Пәтер иелері кооперативі жұмысына наразылық білдіруде. Түрлі дерттің қоздырушысы саналатын жәндіктер қайдан пайда болғандығын арнамыздың тілшілері анықтады.

Әлеуметтік желілерге жариялаған бұл бейнетаспада пәтер иесі баспананың коммуналдық қызметіне жауапты кооператив жұмысшыларын айыптайды. «Жертөлені жайлап кеткен тарақандар жоғары өрмелеп пәтерлерге жетті», делінген. Енді әдеттегідей түн мезгілінде ас бөлмеде өріп жүреді.

Надежда Бедина, қала тұрғыны:

- Шыдамымыз шегіне жетті. Бірнеше қайтара улағанымызбен нәтиже жоқ. 2-3 күннен кейін қайтадан өріп жүреді. Удың түр-түрін қолданып көрдік. Арзанын да, қымбатын да. Одан тарақандардың қырылып жатқаны байқалмайды.

Тұрғындардың арызын тексеру үшін Пәтер иелері кооперативі төрайымымен жертөлеге түсіп көргенбіз. Баспананың төменгі қабаты құрғақ әрі таза. Жәндіктер ұялайтындай антисанитария байқалмайды. Коммуналдық желілерге жауапты мекеме өкілдері «тарақандар бірінші қабаттағы бос тұрған пәтерден таралуы мүмкін», дейді.

Людмила Васильева, ПИК төрайымы:

- Ол пәтерде егде жасқа жеткен әжей мен оның қызы өмір сүрді. Екеуі де мүгедек. Әжей көз жұмғаннан кейін қызын әлеуметтік қызмет өкілдері алып кеткен. Біздің мамандар пәтердің ішіндегі құбырларды жөндеуге кіргенде тарақандардың өріп жүргенін көрген. Сондықтан сол жерден бастап улау керек. Бірақ бізде қазір қолымызда пәтердің кілті жоқ.

Облыс орталығындағы көп қабатты үй тұрғындарының мазасын алған баспананың иесі қазір №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығына жатқызылған. Яғни, қарттар мен мүгедектер үйінде. Жағдайы тұрақты. Алайда, дәрігерлердің айтуынша, өз бетімен пәтерін жинап, жайлап кеткен жәндіктерді улауға қауқарсыз.

Гүлмира Нұртазина, №1 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының медицина бөлімінің меңгерушісі:

- Искандерова Зухра біздің орталыққа 26 ақпан күні жатқызылды. Туа біткен мүгедек. Денсаулығы түзеледі деп айта алмаймыз. Сондықтан жалғыз өзі өмір сүріп, жағдайын жасайды деу қиын.

Жалғызбасты жанды мүгедектер үйіне орналастырған соң әлеуметтік қызмет көрсету мамандары баспананы жауып, үйдің кілті мен құжаттарын тұрғын үй қатынастары бөліміне тапсырған. Алайда, жарты жыл ішінде бұл мекемеде бірнеше басшы ауысып, пәтердің тағдыры елеусіз қала берген. Қазіргі бөлім жетекшісі иесі «пәтерді мемлекеттің меншігіне қабылдау заңға қайшы», деп отыр.

Жандос Әлімов, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің жетекшісі:

- Біздің балансымызда жеке пәтерлер бола алмайды. Біздің теңгерімімізде тек қана коммуналдық мүлікке өткен жылжымайтын мүлік болады. Коммуналдық мүлікке өтудің өзінің жолдары бар. Яғни, иесіз үйлер, коммуналдық меншікке берілген үйлер. Бұл үйлердің коммуналдық меншікке өтуі сот арқылы жүзеге асырылады.

Құжаттары қолдан қолға өткен баспананың тазалығы мен жылылығына бұл жағдайда кімнің жауапты екендігі түсініксіз. Әлеуметтік бағдарламалар бөлімі де пәрменсіз жаннның үйін мойнына алуға құлықсыз. «Сондықтан да қалалық әкім жанынан арнайы комиссия құрып, ақылдасамыз», - дейді.

Мақпал Тұрмағамбетова, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

- Соңғы шешім бұл пәтер қазір кімде болады, қай жерде болады ол қазір қалалық әкімшілік жанында комиссия бар, сол комиссияның шешімімен ол пәтер ия үй қатынастары бөлімінде болады ия әзірге уақытша коммуналдық меншікте тұра тұрады. Бірақ тағы да қайталап айтам, бұл пәтер ешкімнің жеке меншігіне не болмаса приватизациялауға немес жекешелендіруге жатпайды.

Бірнеше құзырлы мемлекеттік орган өкілдері бас қосып, пәтерге жауапты жанды анықтағанша тұрғындардың шыдамы жетпейтіндігі анық. Сондықтан олардың қапшықтап у сатып алғаннан басқа амалдары жоқ сияқты.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы