427,88 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы арнайы мектеп тәрбиеленушілері аулаға көшет отырғызды

  • 123
Елордадағы арнайы мектеп тәрбиеленушілері аулаға көшет отырғызды

Кеше Нұр-Сұлтан қаласының №2 арнайы мектебінің балалары білім беру ошағының ауласында ағаш көшеттерін отырғызды.

Іс-шара «Туған жер» экологиялық қозғалысының «Әр балаға – өз ағашы»жобасы аясында және Мемлекет басшысының елді жасылдандыру тапсырмасы негізінде ұйымдастырылды.

«Біз балалармен бірге тек көшет отырғызуды емес, оны өсіруді де үйрендік. Бүгін қондырып жатқан көшеттеріміз: өзіміздің тәлімбақта өскен шаған, емен ағаштары. Негізі көбіне қыста құстарды азықтандыруға болатын алма, алмұрт, долана, мойыл егуге тырысамыз», – деді «Туған жер» экологиялық балалар қозғалысының жетекшісі Татьяна Коршунова.

Жалпы экологиялық жобаға 15 орта және коррекциялық мектептерден 300-ге жуық оқушы жұмылдырылған. Әр қаланың білім беру ошақтары көшет егуді бір-біріне дәстүрлі түрде эстафета ретінде жолдайды.

«Экологиялық мәдениет бізді біріктіруші фактор болуы керек деп ойлаймын. Қоршаған ортаны жасылдандыруға әлеуметтік статусына, денсаулығына қарамастан әр бала үлес қоса алады», – деп есептейді Т. Коршунова.

Келер көктемде балалар бақша және бөлме гүлдерін отырғызбақ.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі жолдауында алдағы 5 жылда орман алқаптарында 2 млрд., елді мекендерде 15 млн. ағаш отырғызуға тапсырма берген.

 

Хабар 24 телеарнасы