Елордада қоғамдық көліктердегі электронды билет жүйесі қаражаттың 40%-ін көлеңкелі айналымнан шығаруға мүмкіндік берді.
Бұл туралы брифинг барысында Нұр-Сұлтан қалалық Цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының бөлім басшысы Даниял Айткенов мәлімдеді, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
«Жылжымалы құрам 100% электронды төлем жүйесімен жабдықталған. Электронды төлемнің үлесі – 100%. Қолма-қол ақшасыз төлем қаражаттың 40%-тен астамын көлеңкелі айналымнан алуға мүмкіндік берді», – деп түйіндеді Даниял Айткенов.
Айта кетейік, азаматтарға ыңғайлы болу үшін бүгінгі күні жолақы төлеудің бірнеше түрі: көлік карталары, SMS, QR кодтары, Face pay, банк карталары жасалған. Бұл бағыт бағдаршамдарды адаптивті басқаруды және қоғамдық көлікті диспетчерлеуді де қамтитын Интеллектуалды көлік жүйесі (ITS) жобасы аясында жүзеге асырылуда.