428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арқалық құс фабрикасы өз жұмысын тоқтатады

  • 142
Арқалық құс фабрикасы өз жұмысын тоқтатады

Қостанай облысының Арқалық қаласындағы қала құраушы кәсіпорын қуаты жылына 120 млн дана жұмыртқа шығаратын және 220 тұрақты жұмыс орны бар «Агроинтерптица» ЖШС құс фабрикасы белгісіз мерзімге жұмысын тоқтатады.

Қазақстан Республикасында жоғары патогенді құс тұмауының таралуына байланысты кәсіпорында құстар жаппай қырылды. Құс фабрикасында індет басталғанға дейін құс басының жалпы мөлшері 502 600 басты құраған.

Қолданыстағы нормаларға сәйкес құс ауруы кезінде алып тастау және жою мәселелері Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетімен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің республикалық эпизоотияға қарсы бөлімімен қаралады. Олар негізгі уәкілетті органдар болып табылады. Бірақ бүгінгі күнге дейін аталған мемлекеттік органдар жою процесін созып, әрекет етпей отыр.

«Біз бірде-бір алып тастау актісін де, жою актісін де алған жоқпыз. Біздің фабрикада ашық ауада әлі де 70 мыңға жуық құс жатыр. Қазір жай ғана құстарды жоюға бар күшімізбен көмектесіп жатырмыз, бірақ мемлекеттік органдарсыз жоюды өз бетінше жүргізуге құқығымыз жоқ. Өкінішке қарай, мемлекеттік органдардан қолданыстағы ережелер шеңберінде уақытылы әрекет етуін, тиісті ресімдеуін, өтемақы мен көмек төлеуін күтудің қажеті жоқ екендігі түсінікті болып отыр. Сондықтан біз фабриканың жұмысын толығымен тоқтата тұруға және қызметкерлерді қысқартуға мәжбүрміз. Бүгінгі таңда біз қызметкерлерге қыркүйек айына толық жалақы төледік. Кредиторлармен есеп айырысуға, коммуналдық төлемдер мен салықтарды төлеуге ниеттіміз. Өлім-жітімнен туындаған тікелей залал сомасы 554,7 млн теңгені, алынбай қалған жұмыртқадан ұтылған пайда сомасы 356,0 млн теңгені, ал банк пен жеткізушілер алдындағы борыштар 500 млн теңгеден астам соманы құрады», – дейді кәсіпорынның құрылтайшысы және инвесторы Александр Лоренц.

Кәсіпорынның қызметін қайта бастауға кемінде бір жыл қажет болады. Бұл үшін қажетті салымдардың мөлшері шамамен 1,5 млрд теңгені құрайды. Инвестор үшін негізгі мәселе: өндірісті қайта бастау үшін мұндай ақшаны қайдан алуға болады? Ал АШМ-нің жұмыртқа құс фабрикаларына қатысты өзгерген саясатын ескере отырып, мұны жүзеге асыру мүмкін бе?

Арқалықтағы құс фабрикасы 1970 жылдан бері жұмыс істеп келген. Қызметі 1992 жылы тоқтатылған. Германиядан келген инвестор Александр Лоренцтің күшімен кәсіпорынды қалпына келтіру 2008 жылдың жазында, «Агроинтерптица» ЖШС құрылған кезде, басталды. 2009 жылы 20 жылға жуық үзілістен кейін өндіріс қайта іске қосылды. 2017 жылы фабрика жылына 123 млн дана жұмыртқа шығара бастады.

Хабар 24 телеарнасы