430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды-Теміртау жолының құрылысы үш жыл бойы бітпей жатыр

  • 130
  • UPD: 21:14, 08.10.2020

«Қарағанды-Теміртау» автобаны биыл да толық пайдалануға берілмейтін болды. Осымен үшінші жылға созылған жолды мердігер биыл да толық қалыпқа келтіре алмаған. 

Сорақысы, заманауи, сапасы жоғары болады деген жол қолданысқа берілмей жатып тесіліп, одан қалды жарылып жатыр. Биыл тапсырыс берушілер жаңа мердігерлермен келісім жасасқан. Ал бұрынғысы сот алдында жауап беріп жатыр.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Қарағанды мен Теміртау арасындағы 13 шақырым жол осы. О баста мердігер тиесілі қаржыны алған соң халыққа 6 жолақты мінсіз жол салып беруі тиіс еді. Алайда мердігер қыруар қаржысын алды, ал халық жарығы жоқ бағамдар мен мынадай ұрайдай тесігі бар жолға ғана қол жеткізіп отыр. 

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында осы жолға жалпы құны 10 миллиард теңге бөлінген. Соның 6 миллиард 900 миллионын  қос мердігерлік компаниядан тұратын консорциум ұтып алған. Десе де, осынша қаржы жұмсалған жол сапасыз салынды. Қазір жарық 3 мм-ден 12 мм-ге дейін жеткен. Дер кезінде қалыпқа келтірмесе одан да ұлғаюы мүмкін. Бұл жоғары жылдамдықпен жүйіткитін  жүргізушілерге де орасан кедергі келтіреді.

Мәди Рахымбаев, қала тұрғыны:

- Жол дұрыс істелмеген. Мына жер жарылып жатыр. Вибрация бар, соғып отырады. Сондай қатты жүре алмайсың бұл жерде. Сапасы нашар енді жолдың.

Иван Варкентин, қала тұрғыны:

- Жолда жарық жоқ. Бұл бір. Екіншіден, мына бетондағы сыналардың салдарынан көлік шайқалады. Еріксіз басқа жолаққа ауысасың. Осындай кезде аңдаусызда соқтығысып қалатын көліктер де бар.

Екі жыл бұрын жолды жылжымалы зертханамен тексеріп, бетоны не себепті жарылғаны қаралған. Салдарынан құрылыс кезінде жол салу техникасында ағаттық кеткені анықталған. Яғни жол жиегі мықтап бекітілмеген, салдарынан табиғи су өтіп, бетонды жарып тынған. Енді тапсырыс беруші дұрыс атқарылмаған жұмысты қабылдамаймыз деп отыр.   

Қанат Шаймин, «Қазавтожол ҰК» АҚ ҚОФ директорының орынбасары:

- Бірінші қазан күні біз аппеляциялық соты жеңіп алдық. Екі мердігер компанияны ана трещиналарды ретке келтіруге міндеттеді. Сот шешімі енді 5 жұмыс күні ішінде күшіне енеді. 14 мың погонный метр жарылған жерлерді қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізу керек. Тек сол кезде ғана біз оны қабылдап аламыз.

Сот шешімі негізінде қос компания өз қаржысына барлық олқылықтарды жөндеуге міндеттелген. Олар ақау анықталған автобанның 240 бетон плитасын қайта жаңалауы тиіс. Қалғанына ағымдағы жөндеу қажет. Ал жарық тарту, жол белгілерін орнату үшін өзге компаниямен жаңадан келісім-шарт жасалған. Мамандар бұл жұмыстар жақын арада аяқталады деп сендірді.

Авторлар: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы