427,88 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде үлескерлер қоныстанған үйінің құжатына қол жеткізе алмай жүр

  • 91
  • UPD: 21:12, 08.10.2020

Ақтөбеде жаңа тұрғын үйдің үлескерлері бір жылдан бері тұрып жатқан пәтерінің заңды құжатын ала алмай жүр. Енді қалалық әкімдікке жүгініп, мәселені бір жақты етіп беруді сұрап отыр.

Әкімдіктің алдына жиналған мына жұрт былтыр ғана Ақтөбеде салынып жатқан Батыс-2 шағын ауданынан жаңа пәтер алып, қоныс тойын тойлаған еді. Алайда қуанышы көпке созылмады. Себебі тұрып жатқан үйінің құжаты жоқ. Құрылыс компаниясы әне-міне деп әлі күнге дейін созып келеді. Соңында үйдің заңды түрде пайдалануға берілмегені және үй салынған жердің заң органдары тарапынан бұғатталғаны белгілі болды. Ал компания басшысы алаяқтық жасағаны үшін қамауда отыр.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Оның қамалуына мына үйдің тұрғындары жазған шағым себеп болды. Көп қабатты қос үй 2018 жылы пайдалануға берілген. Сырттай қарағанда әп-әдемі. Бірақ сәл жақындап, құрылысына үңілсең көңілің қалады. Қасбеті мынадай жұмсақ материалмен қапталған. Сылағы түсіп, үгітіліп жатыр. Жауын мен қарға төзбейді. Ал бастапқы жобада үйді сырты күйген кесекпен қапталады деп көрсетілген. Үйдің сапасына қатысты жалғыз мәселе бұл емес. Кәріз жүйесі мен электр желілерінде де кемшілік толып жатыр.

Екі жыл тұрып, кемшіліктің оңаларына күмәнданғандар үйді арзан болса да сатып, көшіп жатыр. Ал күдер үзбегендер әлі де күресеміз дейді.

Раиса Қуатова, қала тұрғыны:

- Мына канализация бізде жеті сайын толып қалады. Күнде тазартамыз да жатамыз. Өзіміздің ақшамызбен өзіміз жинап тұрғындардың ақшаларымен. Сондықтан біз кондоминимумға кіргіміз келеді. Бірақ кондоминимум бізді ешкім алмайды. Себебі біз баланста жоқпыз. Қаланың балансында. Тоқта жоқпыз, канализацияда жоқпыз. Үйге қандай коммуникация келеді ештеңеге бізді тапсырған жоқ. Қалай балансқа қоймаған, қалай қабылдаған?

Дәл осы сұрақты жергілікті сәулет-құрылыс бақылау басқармасына қойдық. Олардың айтуынша, үйді қабылдау процесіне тапсырыс беруші, құрылысты жүргізетін компания, техникалық қадағалау және авторлық қадағалау компаниясының өкілдері қатысады. Барлығы мақұлдаса пайдалануға беріледі. Мына үйді қабылдау кезінде тапсырыс беруші үлескерлердің төрағасы, құрылыс компанияның және авторлық қадағалау компанияның басшысы бір адам, яғни Нұрлан Каусов болған. Сондықтан үйдің алғашқы жобасын қалауынша өзгерткен.

Таңат Шегебаев, облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

- 2018 жылдан бері бірнеше тексеру жұмыстарын жүргіздік. Көптеген қателіктер таптық. Ол бойынша талаптар қойдық. Ол талаптар түбегейлі мердігердің тарапынан жасалған жоқ. Соңында біз сотқа бердік біздің талаптардың орындауын сот арқылы шешімін алдық. Сот орындаушыларында палатаға берілді. 

Бірнеше шағымнан кейін құрылыс компаниясы бітімге келіп, кемшіліктерді жоюға уәде еткен. Алайда орындамаған. Сондықтан қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүреді. Қазір құрылыс компаниясының басшысы үлескерлерден 338 миллион теңгесін жымқырды деген күдікпен қамауға алынған. Тұрғындар өз құқығын қорғау үшін тағы да қаржы жинап, заңгер көмегіне жүгінген.

Венера Топаева, заңгер:

- Өзгенің сеніп тапсырған қаржысын есепсіз пайдаланғаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Бұл тұрғын үй құрылыс кооперативі тұрғындардың бастамасымен құрылған. Төрағасы Нұрлан Каусов. Қалған 160-тай адам оған 1 миллиард теңгеден астам қаржы жинап береді. Ал ол өзінің құрылыс және автролық қадағала компаниялары арқылы бастапқы жобаны өзгертіп, құрылыс құнын төмендеткен. Құқық қорғау органдары мұны дәлелдеді. Қазір іс 30 томнан асады. Бірақ бізге танысуға берілмей отыр.

Мәліметтерге қарағанда Нұрлан Каусов дәл осы жоспармен бірнеше үйдің құрылысына үлескерлерден қаржы жинаған. Олардың жағдайы не болатыны әзірге белгісіз. Белігісі, мәселені оң шешу үшін облыс әкімі орынбасарының төрағалығымен жұмыс тобы құрылған. Олар тұрғындарды сот шешімін күтуге шақырып отыр. 

Талғатбек Әбдіқожа, Айнадин Молдабеков, Айбек Дәуітов

Хабар 24 телеарнасы