429,38 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістандағы әуежай құрылысының келесі жылы аяқталатыны белгілі болды

  • 146
  • UPD: 23:06, 08.10.2020

Түркістанда халықаралық жаңа әуежай ашылды. Осы ақпарат бір апта бұрын еліміздегі барлық бұқаралық ақпарат құраларында жарияланған еді.

Алайда ол кезде әуе айлағының техникалық ашылуы болған екен. Жауапты сала мамандарының айтуынша, әуежайдың құрылысы тек келер жылдың басында аяқталып, пайдалануға беріледі. 

Жандос Жұмабек, тілші:

- Мына әсем ғимарат Түркістан халықаралық әуежайының бас кеңесі. Оның құрылысы біткен. Ал ішкі жұмыстары қаншалықты аяқталғанын біз әзірге білмейміз. Өйткені тазалау жұмыстары жүріп жатқандықтан бізді ішіне кіргізбеді. Ал сыртта құрылыстың қаншалықты қайнап жатқанын мына көріністерден аңғаруға болады.

Алдын ала ескертілгенімен құрылыс алаңындағы көріністі түсіруге әуежай қызметкерлері келісім бермеді. Дәл бүгін көрсетуге дайын еместіктерін жеткізді. Алайда облыстық әкімдіктегілер мән-жайдың тігісін жатқызып, түсіндіруге тырысты.

Мамандардың айтуынша, әуежай құрылысының жартысынан көбі аяқталған. Мысалы, өткізу терминалы, ұшып-қону жолағы және ұшақтардың тұрағы салынған. Тағы қосымша 22 нысанның құрылысы жүріп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар әлі әуежайды пайдалану үшін арнайы сертификат алу керек.

Мақсат Мырзабаев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Жұмыстардың барлығы кестеге сай жүріп жатыр. Жылдың соңына дейін әуежайдың жұмысын толығымен бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Бірақ өздеріңіз білесіздер, бірінші кезекте қауіпсізік мәселесі. Ұшақ ұшу үшін, қону үшін сертификаты болады. Соны толығымен алмайынша ұшақтар ұшпайды.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының хабарлауынша, құрылыс жұмыстары өз уақытында аяқталса, алғашқы ұшақтар облыс орталығынан келер жылдың басынан ұшуы мүмкін. Бірінші кезеңде қазақстандық компаниялар Алматы мен Нұр-Сұлтан және Стамбул қалаларына әуе рейстері ашады деп жоспарлап отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов әлеуметтік желіде Түркістан халықаралық әуежайы әлемдегі ең тез салынған әуе айлағы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енуі мүмкін екенін жазған болатын.

Авторлар: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы