428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда компанияның жұмысшылары қоқысты қаланың қақ ортасына көмуде

  • 123
  • UPD: 16:34, 11.10.2020

Алматылық экологтар арнайы тексеріс кезінде қала ортасында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан құрылыс алаңында келеңсіз жәйттарды анықтады. Мердігер компания жұмысшылары қоқысты тазартудың орнына оны жерге көміп тастаған. Бұл жерде тұрғындар демалатын арнайы орындықтар мен  жаттығу алаңы болу керек еді.

Бұл қаладағы «Жібек жолы» автокөлік базарының маңындағы көріністер. Байқағандарыңыздай, пластик бөтелкелер мен  әйнек құтыларды және басқа да қоқыстарды арнайы техника жерге көмуде. 

Құрылыс алаңына біздің түсірілім тобы келген кезде барлық жұмыстар тоқтатылды. Өйткені бұл жердегі жағдайды бірінші болып көрген экологтар «бұл табиғатқа орасан зор зиянын тигізеді» деп дабыл қаққан еді. 

Дінмұхамед Лесбеков, қаланың мемлекеттік экологиялық инспекторы:

- Біз Алматы қаласы бойынша экология департаменті ертеңнен бастап мердігер компанияның қызметіне және Алатау ауданы әкімдігінің қызметіне жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Табиғатқа келтірілген зиян мөлшері, залал мөлшері барлығы есептеліп, анықталып тиісті әкімшілік шаралар қолданылатын болады.

Мердігер компания өздерінің кінәсін бірден мойындады. Бірақ бұл әрекеттері туралы сұхбат беруден бас тартты. Құрылыс алаңына табиғатты қорғау полициясы да шақырылды. Олар мердігер компанияға 55000 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынғанын айтты. Тапсырыс беруші Алатау ауданы әкімдігінің өкілдері де барлық жауапкершілікті өз мойындарына алды. Олар жұмыс барысын назардан тыс қалдырып қойдық деп ақталды.

Әділет Тоқтасынов, Алатау ауданы әкімінің орынбасары:

- Біз осы мердігер компаниямен бірлесе отырып, барлық келеңсіздіктерді қалыпқа келтіреміз. Осы жағдай тағы да қайталанбас үшін түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Және осындай іс әрекетке  жол берген мамандарды жауапқа тартамыз.

Бұл автокөлік базарының маңы қоқыс алаңына  айналып кеткендей. Өйткені  жүргізушілер үнемі жолдың бойында көлігінің майын ауыстырып, дөңгелегін жөндейді. Одан кейін қалдықтарын жан-жаққа шашып тастай салады. Оны қадағалаған ешкім жоқ. Әкімдік мамандары қанша сенбілік ұйымдастырып тазарту жұмыстарын жүргізгенімен бәрі бекер дейді.

Әділет Тоқтасынов, Алатау ауданы әкімінің орынбасары:

- Біздер осындай олқылықтарға жол бермеу мақсатында  жөндеу жұмыстарын бастаған едік. Автокөліктерді жолдың жиегіне қоймау үшін кедергілерді биіктетіп жатырмыз. Арнайы қоқыс жәшіктерін орнатамыз. Балаларға арналған ойын алаңдары мен ересектерге арналған жаттығу орындарын жасауды жоспарлап отырмыз.

Экологтар мұндай жағдайға немқұрайды қарауға болмайды. Адамдар табиғаттың ажырамас бөлігі екенін естен шығармауы керек дейді.

Жандос Айтбайұлы, Анастасия Вылегжанина, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы