427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында қаза болған жүкті әйелдердің дені пневмония мен коронавирус жұқтырған

  • 136
  • UPD: 10:01, 09.10.2020

Мемлекет басшысының тарапынан айтылған сыннан кейін облыстық денсаулық сақтау департаменті өкілдері осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың айтуынша, аяғы ауыр жандардың иммунитеті қатерлі ауруға төтеп беруге қауқарсыз. Жыл басынан өңірде 14 ана көз жұмған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 есе көп.

Халі ауыр жағдайда жедел жәрдеммен жеткізілген жүкті әйелдердің дені Ақтөбе медицина орталығында болды. Мұнда пневмония жұқтырған 500-ден астам аяғы ауыр келіншек ем алды. Алайда 8 ананы ажалдан арашалау мүмкін болмаған. Дәрігерлердің айтуынша, олардың өкпесінің 80 процентінен астамы қабынған.

Светлана Ағзамова, медицина орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

- Сегіз қаза болған анадан 6 бала аман алып, қазіргі таңда отбасыларына берілді. Екі баланы өкінішке орай аман алып қала алмадық. Себебі жаңа айтып өткендей, бір жүкті әйелдің баласы іштей шетінеп келді. Екіншісі босану кезінде шетінеп туылды.

Жалпы жыл басынан облыста 14 жүкті әйел көз жұмған. Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері мұндай сандар бұрын-соңды болған емес дейді. Мәселен, өткен жылы өңірде тек бір ғана ананың өлімі тіркеліпті.

Нұрлан Қожин, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Жүкті әйелдердің иммунитеті әлсірейтіндігі белгілі. Оның үстіне вирус немесе пневмония қосылғанда ауру ағзаға екі есе соққы жасайды. Бұл әйелдердің жағдайы дерт жұқтырған сәтте орташа болған. Санаулы күн ішінде тыныстары тарылады. Компьютерлік томография осы уақыт аралығында өкпесінің 90 проценттен астамы жарақат алғандығын көрсетті.

Қазір өңірде қатерлі вирустің кезекті толқынына дайындық қауырт. Медииналық мекемелерде 3 жарым мыңнан аса орын әзірленген. Оның 305-і - реанимациялық орын. Дегенмен дертті болып ем іздегеннен оның алдын алу абзал екендігін естен шығармаған жөн.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы