429,38 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Электрондық әмиянға әлеуметтік төлемдерді тағайындау мәселесі қарастырылуда

  • 106
Электрондық әмиянға әлеуметтік төлемдерді тағайындау мәселесі қарастырылуда

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау барысын хабарлады.

Министр өз сөзінің басында атап өткендей Мемлекет басшысы Жолдауда айтқан тапсырмалардың ішінде зейнетақы жинақтарын белгілі бір мақсаттарға қолдану мәселесі халық арасында өзекті болып тұр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет Ұлттық банкпен бірге зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту, қымбат тұратын ем ақысын төлеу немесе жекеменшік басқарушы компанияларға басқаруға беру үшін пайдалану тәсілдерін әзірледі. Тиісті тәсілдерді Мемлекет басшысы мақұлдады. Оларды іске асыру мақсатында ағымдағы жылдың соңына дейін қабылдау жоспарланып отырған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсімді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында заңнамаға тиісті түзетулер дайындалды», – деді Біржан Нұрымбетов.

ЕХӘҚМ басшысы нақтылағандай зейнетақы жинақтарын сәйкес мақсаттарға қолдау құқығын келесі азаматтар санаты пайдалана алады:

– жұмыс істейтін, жасы бойынша «жеткіліктілік шегінен» асатын зейнетақы жинағының қолжетімді көлемі бар азаматтар (болашақ жұмыс кезеңі мен жүйелі түрде зейнетақы жарналарын төлеуді ескере отырып, зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін ең төменгі зейнетақыдан төмен емес деңгейде зейнетақы төлемдерін қамтамасыз етуге жеткілікті зейнетақы жинағының мөлшері);

– сақтандыру компанияларымен ең төменгі зейнетақыдан төмен емес мөлшерде өмір бойы аннуитеттік төлемді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шартына отырған тұлғалар БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинағы сомасы шегінде (шамамен);

– зейнетке шыққан азаматтар (оның ішінде күштік құрылымдар қатарынан) БЖЗҚ-да қалған зейнетақы қаражатының 50%-інен аспайтын шекте. Егер олардың зейнетақыларының жиынтық мөлшері (жасына немесе еңбек өтіліне байланысты зейнетақыны, базалық зейнетақыны және зейнетақы жинағынан төлемдерді қоса алғанда) жоғалған табысты халықаралық стандарттарға сәйкес келетін деңгейде алмастыруды қамтамасыз етсе (кемінде 40%).

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Әлеуметтік қамсыздандыру кодексін әзірлеу және қабылдау арқылы әлеуметтік заңнаманы шоғырландыру жөніндегі жұмысты бастауды тапсырды.

Осыған орай Біржан Нұрымбетов қазіргі кезде республика азаматтарына 17 заңмен және 100-ден астам заң аясындағы актілермен реттелетін әлеуметтік қамсыздандыру шаралары кең көлемде қамтамасыз етіліп отырғанын атап өтті. Сонымен бірге әлеуметтік көрсеткіштер саласындағы төлемдер мөлшерін есептеу үшін әртүрлі көрсеткіштер негіз болуда: АЕК, күнкөріс деңгейі, ең төменгі жалақы және тағы басқа.

«Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнама қабылдауға жеңіл болатындай және оны сапалық тұрғыда жақсарту мақсатында, бірыңғай Кодекске біріктіріледі. Оның тұжырымдамасы 2021 жылдың 2-тоқсанында әзірленеді, содан кейін оның негізінде Әлеуметтік қамсыздандыру кодексінің өзін әзірлеу басталады. Бұл өте маңызды құжат. Сондықтан онымен жұмыс жасау қоғаммен кең талқылауды қажет етеді, яғни біз барлық ұсыныстарды қабылдап, қарастыратын боламыз», – деді ЕХӘҚМ басшысы.

Сонымен бірге министр кодексті әзірлеу кезінде әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы қолданыстағы заңдар жай біріктіріліп қоймай, тұтастай алғанда әлеуметтік қолдау шаралары жүйеленетіндігін, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы төлемдер мөлшерін бірыңғай әлеуметтік көрсеткішке (стандартқа) байланыстыру және басқа да мәселелер қарастырылатындығын түсіндірді.

Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың «электронды әмиянын» енгізу арқылы әлеуметтік төлемдерді цифрландыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Біржан Нұрымбетов атап өткендей бүгінгі таңда әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде IBAN карточкалық шоты қажет. Оны ашу үшін банкке бару керек. Ал бұл әлеуметтік төлем алушыларға қосымша ыңғайсыздықтар туғызады.

«Әлеуметтік көмекті алуды жеңілдету үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ЖСН арқылы әдепкідей ашылатын «электрондық әмиянға» әлеуметтік төлемдерді тағайындау мәселесін қарастыруда. Осы орайда алушы банктік картаға аудару әдісін өзгерте алады. Қаржының сақталуын қамтамасыз ету үшін әмиянда ҚР Ұлттық банкінің электронды ақшасын пайдалану ұсынылады», – деді министр.

Бұдан тыс әмиянға қол жеткізуге оның теңгерімін білуге ​​және тауарлар жұмыстар немесе қызметтер үшін төлемдерді штрих-QR кодты қолданып, ешқандай комиссиясыз жүзеге асыруға мүмкіндік беретін арнайы ұялы қосымша жасалады.

 

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы