428,50 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда қауіпті инфекцияларды анықтайтын мобильді зертханалар көбейді

  • 112
  • UPD: 00:10, 10.10.2020

Алматыдағы Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар Ұлттық ғылыми орталығына жаңа төрт мобильді зертхана берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл кешендер санитарлық-эпидемиологиялық қызметті күшейту және инфекциялық ауруларға қарсы шұғыл әрекет ету үшін Үкімет жанындағы жедел штабтың тапсырмасына сәйкес сатып алынған.

Жылжымалы төрт зертхананың құны 640 миллион теңгеден асады. Ол биологиялық қорғаудың 2-деңгейлі бокстарымен жабдықталған. Кез келген жағдайда коронавирус секілді аса қауіпті инфекцияларға зертханалық талдаулардың толық спектрін жасауға мүмкіндік береді. Мысалы, алыстағы ауылдан COVID ошағы шығатын болса, дереу сол жаққа бара алады.

Тоқтасын Ерубаев, М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ҰҒО бас директоры:

- COVID-19 кезінде осындай кешендер біздің «Теңіз-Шевройлда» аурушаңдық болған жағдайда өзінің нәтижесін көрсетті. Одан басқа, жаңағы Түркістан облысының Сарыағаш ауданында жұмыс істеді. Түркістан қаласында жұмыс істеді.

Қазір ғылыми орталықтың филиалдарында осындай 10 жылжымалы зертхана бар. Ал, жаңа кешендердің үшеуі Жамбыл, Ақтау және Атырау облысына берілді. Біреуі Алматыда қалды.

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Бұл көлік Көкшетау қаласындағы заводта құрастырылған. Жылжымалы зертхана мынандай арнайы автономиялық электр генераторымен жабдықталған. Демек, институттың микробиолог ғалымдары еліміздің кез келген жерінде ешбір қиындықсыз жұмыс істей алады деген сөз.

COVID-19 инфекциясы басталғалы бері ғылыми орталықтағы мамандардың барлығы арнайы дайындықтан өтіп, тиісті сертификат алған.

Тоқтасын Ерубаев, М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұғо бас директоры:

- Полимеразды тізбектік реакция жасайтын аппараттардың бәрінде олар жұмыс істей алады. Біздің қызмет оған дайын. Екінші жағынан айта кететініміз біздің өзіміздің тест системамыз бар. Оны өзіміз шығарамыз. Бүгінгі күні біз барлық филиалдарымызды осы тест-системамен қамтып отырмыз. 

Қазақстан аумағының 40%-і сібір жарасы, оба мен конго-қырым безгегі сияқты қауіпті аурулардың табиғи ошағы саналады. «Сондықтан биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде заманауи мобильдік зертханалар ерекше маңызға ие», - дейді мамандар.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы