428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде көз аурулары шамамен 5%-ке азайған

  • 94
  • UPD: 23:25, 09.10.2020
Елімізде көз аурулары шамамен 5%-ке азайған

Қазір компьютер, смартфон қоғамның ажырамас бір бөлігіне айналды.

Оның қызметін еңкейген кәріден бастап бесіктен белі енді ғана шыққан балаға дейін пайдаланады.

Ғылыми-техникалық прогресс адамзаттың қолын ұзартып, жұмысын жеңілдеткенімен, денсаулық қалай болмақ? Әсіресе, күнұзаққа, тіпті түн баласына гаджет құшақтап жататын жандардың көзіне әсері қандай? Статистика не дейді?

Дәрігерлер елімізде көз және оның қосалқы аурулары саны біршама азайғанын айтады. Алайда қос жанарды лазерлік сәулемен коррекциялауға сұраныс жоғары. Биылдың өзінде карантин тәртібіне қарамастан, көру қабілетін жақсартқандар қатары көбеймесе, азаймаған.

Елорда тұрғыны Жансұлудың 17 жасында көру қабілеті нашарлап кеткен еді. Бірнеше жылдар бойы линза мен көзілдірік тағып қиналғанын жасырмады. Былтыр қос жанарына лазерлік түзету операциясын жасатты. Нәтижесіне қазір көңілі толады.

Жансұлу Мазан, қала тұрғыны:

- 2019 жылдың желтоқсан айында жасатқан болатынмын. Қазіргі жағдайым жайлы айтатын болсам, көру процентім өте жоғары. 100% көремін. Мен үшін күрделі кезең болды, себебі көзілдірік таққан өте ыңғайсыз. Әсіресе, қыс айларында. Далаға шығып, ғимаратқа кірген кезде бұлдырап кетеді. Ал линза жұмысқа асыққан кезде уақытты алады.

Жалпы былтырғы көрсеткіш бойынша көз және оның қосалқы ауруларының саны орташа есеппен 5%-ке азайған. Мәселен, жасөспірімдер арасында шағым саны 4,4%-ке, ал 18 жастан жоғары науқастар арасында 5,2%-ке кеміген.

Әсел Артықшинова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы:

- Жалпы 2019 жылдың қорытындысы бойынша көз және оның қосалқы аппаратының ауруларының 432 мың 647 адам құрады. Көрсеткіштің 5,0%-ке ғана төмендегені байқалады. Нөл мен 14 жасқа дейінгі балалар арасында 100 мың халыққа шаққанда 2018 жылғы ұқсас кезеңдегі салыстырғанда көрсеткіштің 5,7% төмендігі байқалады.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Бұл – еліміздің бірқатар өңірінде филиалы бар жетекші офтальмологиялық орталықтардың бірі. Жыл басынан 5 мыңнан астам операция жасалған. «Қатаң карантин жағдайын қаперге алсақ, бұл аз көрсеткіш емес», - дейді мұндағылар. Процедура уақыты 15 минут.

Станислав Пушкарь, хирург-офтальмолог:

- Мәселен, былтыр 20 мыңға жуық лазерлік түзету операциясы жасалды. Биыл жыл соңына дейін бұл межеден асамыз деп ойлаймыз. Науқастардың көбі 40 жасқа дейінгі азаматтар. Лазерлік коррекциялауды 40 жастан асқандар да жасата алады. Бірақ алыстан көру қабілеті жақсарғанымен, жақыннан көру қабілеті сол күйінде қалуы мүмкін.

Станиславтың айтуынша, лазерлік түзетуден бөлек, көру қабілетін жақсарту үшін түрлі дәрі-дәрмек пен тамшыларды қолдануға болады. Бірақ одан пайда аз және ұзақ мерзімге кепілдік берілмейді. Аурудың алдын алу үшін дұрыс тамақтанып, таза ауада жиі жүру керек. «Компьютер мен гаджеттерді сирек қолдану қажет», - дейді офтальмолог дәрігерлер. Айта кеткен жөн, көзді лазерлік коррекциялау технологиясы елімізде осыдан тура 15 жыл бұрын енгізілген.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Мадина Нұрлан, Аян Сәрсенбаев

Хабар 24 телеарнасы