432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елорда мен Ақтау арасында тасжол салынса киіктер азайып кетуі мүмкін

  • 202
  • UPD: 00:34, 10.10.2020
Елорда мен Ақтау арасында тасжол салынса киіктер азайып кетуі мүмкін

Елорда мен Ақтау арасында «Батыс-Орталық» күре жолы салынса даламызда киіктердің саны кеміп кетуі мүмкін.

Биоалуандылықты сақтау қауымдастығы осыған алаңдаулы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұйым өкілдері жаңа тас жол ашылса, Бетпақдаладағы популяция азаяды деп отыр. Былтыр бұл аймақты 109 мың бас мекендеген. Енді кең даланың еркесінен айырылып қалмас үшін қауымдастық күре жолдың жобасын қайта қарауды ұсынды. Яғни жолды орталықпен емес, Қостанай арқылы салу керек.

Вера Воронова, Қазақстандық биоалуандылықты сақтау қауымдастығының атқарушы директоры:

- Жаңадан салынатын жол киіктердің Бетпақдаладан үркіп кетуіне әкелуі мүмкін. Қазір ен даладағы жайдақ жолмен тек 5 көлік жүрсе, ол жерде автобан салынғанда көліктердің ағыны артары сөзсіз. Күніне 2 мың транспорт өтуі ықтимал. Міне, киіктер осыдан соң безіп кетпей қайтсін?!

Ал, осы жобаға жауапты «Қазавтожол» ұлттық компаниясы жолдың бағыты өзгермейтінін айтты. Себебі, жобалық-сметалық құжат әзірленіп қойған. Жыл соңына дейін таныстырылады. Алдын ала есептеу бойынша жобаның жалпы құны 500 миллиард теңге. Ал, келесі жылы жол салу жұмыстары басталады. Сөйтіп, күре жол 2025 жылы пайдалануға беріледі. Дегенмен, компания өкілі бұл мәселе төңірегінде тиімді шешім қабылдау үшін «сөйлесуге дайынбыз» деп отыр.

Нұрлан Құрманбеков, «Қазавтожол» ҰК» АҚ департамент директоры:

- Қазанның сегізінде экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен «Қазавтожол», автомобиль жолдары комитеті, Биоалуандылықты сақтау қауымдастығының өкілдерімен жиын өтті. Басқосудың қорытындысы бойынша киіктердің популяциясы әлі де зерттелу керек деген шешім қабылданды. Мұндай жұмыстар жол құрылысы басталғанға дейін жүргізіледі.

Хабар 24 телеарнасы