428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында екі ірі шаруашылықтың кәсібі тоқтап қалуы мүмкін

  • 146
  • UPD: 02:33, 10.10.2020
Қызылорда облысында екі ірі шаруашылықтың кәсібі тоқтап қалуы мүмкін

Қызылорда облысында егін егіп, өнімін экспорттап отырған екі шаруашылықтың кәсібі тоқтап қалудың аз-ақ алдында тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені қосымша құн салығына уақытылы тіркелмегені үшін олар ірі көлемде айыппұл төлеуге мәжбүр. Қаржыдан тарыққан кәсіпкерлердің қазіргі халі қалай? Тығырықтан шығар жол бар ма?

Айыппұлға белшеден батқан шаруашылықтың бірі Бесарық ауылында 400 гектар жерге егін егеді. 120 адамды жұмыспен қамтып отыр. Елді мекенді көркейтіп, көгалдандыруға да үлес қосып келеді. Лизингке жаңа техникалар да алған. Егіннен тапқан табысы шығынынан артылмайтын еді. Соңғы жылы ғана аяқтан тұра бастаған қожалықтың жылдық жиынтық табысы белгіленген мөлшерден асып кетіп, қосымша құн салығына уақытылы тіркелмегені үшін 21 миллион теңге айыппұл төлеуге мәжбүр болып отыр.

Гүлжан Медебаева, шаруа қожалығының есепшісі:

- Кішкентай шаруа қожалыққа бір ауылдың тұрғындарын жұмыспен қамтып отқан шаруашылыққа 21 миллион теңге айыппұл өте ауыр. Осы биыл табыспен шығамыз деп үміттеніп отырған уақытта енді бұл айыппұлды төлесек, банкротқа кетуіміз мүмкін.

100% бақша өнімін экспорттайтын Жалағаш ауданындағы шаруашылық та дәл осындай жағдайға тап болған. Бірақ олар мемлекетке шығын келтірмегенін алға тартты.

Мұхтар Нұртаев, шаруа қожалығының директоры:

- НДС-ке өткен жағдайда біз оны төлемейді екенбіз. Өйткені экспортқа шығарамыз. Мемлекетке шығын келген жоқ. Бірақ соның өзінде айыппұл салды.

Қайдан қолдау күтерін білмей, тауы шағылған агробизнес өкілдері кәсіпкерлер палатасынан көмек сұраған.

Жасұлан Серіков, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

- Кез келген мемлекеттік орган кәсіпкерлермен жұмыс істеген кезде олар қанаушы орган сияқты позицияны қойып, қолдаушы орган ретінде Мемлекет басшысы айтатындай әрбір жұмыс орны маңызды, соны сақтап қалуға барынша тырысу керек деген сияқты позицияны ұстанып жұмыс істесе екен деп тілейміз өзіміз.

Мән-жайды облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінен білдік. Олар заң аясында әрекет еткенін және қомақты айыппұлды төлеуге кәсіпкерлердің мүмкіндігі болмаса, кейінге шегерудің жолдары барын айтты.

Қуаныш Айтбаев, облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы:

- Қайта реструктиризация және банкроттық реабилитация деген заң бар ғой. Әрі қарай созуға. 3 жылдан 5 жылға дейін өзін өзі оңалтуға мүмкіндік бар. Енді өздеріңізге белгілі, бұл екі мекеме де экспортқа шығарып, жұмыс істеп отырған ауылшаруашылық кәсіпкерлері. Сондықтан осындай жеңілдіктер қарастырылып отыр заң тарапынан.

Мамандар «тығырықтан шығудың заң тұрғысындағы жолы осы», дейді. Ол үшін кәсіпкерлер сотқа жүгінуі тиіс.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы