428,05 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде зенитті-зымыранды кешенді жөндеуші бюро әскери радарларды сынап жатыр

  • 99
  • UPD: 09:17, 10.10.2020

Жаңа әскери радарлар еліміздің әуе кеңістігін қорғайтын болады. Жақын арада Қазақстанның әуе қорғанысы күштеріне GM-403 НҰР деп аталатын қуатты радиолокациялық станция тапсырылады. Мұндай жүйелер қазақстандық әскерге қайта қарулану бағдарламасы аясында беріліп жатыр. Оларды француздар ойлап тапқанымен Қазақстанда жасалған. Әскери радардың сынағы қалай өтіп жатыр? 

Қазақстанның әуе қорғанысы күштеріне арналған GM-403 НҰР радиолокациялық станциясы Алматы маңындағы Боралдай кентінде жасалуда. Бұл жерде «Гранит» арнайы конструкторлық-технологиялық бюросы орналасқан. Бюро негізінен зениттік-зымырандық кешендерді жөндеу және модернизациялаумен айналысады. Оның ішінде радиоэлектрондық бұйымдары да бар. Осы бюроның аумағында француздық компаниямен біріккен кәсіпорын ашылған. Жаңа радарлар соның жемісі.

Талғат Адамов, «Гранит» арнайы конструкторлық-технологиялық бюросының бас директоры:

- Бұл техниканың даму бағытын анықтау үшін осы санатқа жататын,  әлемдегі барлық локаторларды зерттедік. Нәтижесінде қорғаныс министрлігінің өкілдерімен бірге біздің таңдауымыз GM-403  локаторына түсті.

GM-403 радиолокациялық станциясы зениттік радарларға жатады. Ол нысанның алыстығын, биіктігін, азимут және радиальді жылдамдығын өлшейді. Бұл жаңа цифрлық жүйе. Өзі шағын әрі жылжымалы станция Қазақстанда құрастырылған КамАЗ көлігіне қойылған арнайы контейнерге орнатылған. Қазіргі уақытта бұл жабдыққа қажетті бөлшектердің 22 проценті елімізде жасалған. Қажетті орынға жеткізгеннен кейін радар 30 минуттың ішінде сақадай сай дайын тұрады.

Талғат Адамов, «Гранит» арнайы конструкторлық-технологиялық бюросының бас директоры:

- Құр темірді сатып алудың еш мәнісі жоқ. Олар бізге ақпараттық бағдарламасын берді. Өзіміздің жүйемен біріктірген соң дайын өнім шықты. Қазіргі уақытта қазақстандық үлес 22 процентке жетті. Ал 13-локатор толықтай қазақстандық болады.

Радарлардың соңғы сынағы Алматы облысы Қосөзен ауылының жанындағы полигонда өтіп жатыр. Бұл жерде әуе кемелерінің жолдары өтеді. GM-403 мемлекеттік радиолокациялық тану жүйесіне интеграцияланған. Яғни әуе кемесімен байланысып, қай елдікі екені туралы, әскери немесе азаматтық екені жайында ақпарат бере алады. Радар Қазақстанның шекарасына жақындаған кез келген ұшақты көреді. Оның байқау қабілеті 450 шақырым. Биік немесе төмен ұшқан, тіпті кішкентай дронды да қалт жібермейді.

Владимир Ким, біріккен кәсіпорынның техникалық директоры:

- Мемлекеттік радиолокациялық танудың арнайы жүйелері интеграцияланды. Яғни локаторға орнатылды. Алгоритмдік, желілік, коммуникациялық, телекоммуникациялық жұмыстарды атқаруға тура келді. Қажетті аппаратура жасалды.

Мұндай жүйелер Қазақстанның қорғаныс күштеріне өте қажет. Жеріміз үлкен, әуе кеңістігіміз кең. Оны толық бақылау үшін жаңа буынның радиолокациялық кешендері қажет. Қазіргі кезде жергілікті қақтығыстардың сипаты да өзгерді. Ұшқышсыз ұшатын аппараттар мен дәлділігі мықты қару көп қолданыла бастады. Радиоэлектрондық тойтарыс беру жүйесі де жетіліп келеді. Бүгінде қолданыста сегіз GM-403 радары бар. Бірақ еліміздің шекараларында осындай қырық радиолокациялық станция болу керек, дейді Талғат Адамов. Жыл соңына дейін әскерге 3 станция тапсырылады. Біреуі Бейнеуге қойылса, екеуі оңтүстік шекарамызды күшейтеді.

Ұлан Нарынбек, Григорий Беденко, Мұқит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы