432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда электр қуатын таратушы қосалқы станциялар жаңартылып жатыр

  • 158
  • UPD: 15:34, 10.10.2020

Алматыда қосалқы станцияларды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Алматының шекарасы ұлғайған сайын мегаполисте электр қуатының тапшылығы артатыны түсінікті жайт. Оның үстіне тозығы жеткен қосалқы станциялар сапалы қызмет көрсетуге қауқарсыз. Осы олқылықты жою үшін 2016-2020 жылдарға жоспарланған инвестициялық бағдарлама қабылданған. Соның аясында жаңа электр желілері тартылып, ескі қосалқы станциялардың жүктемесі жаңа станцияларға ауыстырылды.     

Асан Дарбаев, ҚР ҰЭМ табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы:

- Біріншіден, ескі әдістерден арылып, жаңа технологияны енгіземіз. Яғни энергиямен қамтамасыз етуде тиімді тәсілдер қолданылады. Бұл әрине шығынды азайтып, қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Жаңарту бағдарламасы бойынша қаладағы тозығы жеткен қосалқы станциялар жүктемесі жаңа станцияларға берілуде. Заманауи технология бойынша жұмыс істеп тұрған Мамыр қосалқы станцияы 18 білім беру ғимаратын, 4 сумен жабдықтау және 5 жылу желілері нысанын, 850-ден астам заңды тұлғалар және 24 мыңнан астам жеке тұлғаларды электр қуатымен қамтамасыз етеді.

Ардақ Жаңабаева, энергокомпанияның бағаларды реттеу бөлімі басшысы:

- Тұтынушыларға уақытылы электр энергиясын алып отыруға көмек беріп жатыр. Жалпы желілердің, кабельдердің ескіруіне байланысты сөніп тұратын. Қазір жылдан жылға жақсы жұмыстардың орындалып жатқанына байланысты, инвестициялық ақшаның бөлінуіне байланысты барлық жаңартулар жүргізіліп жатыр.

Қалада 209 қосалқы станция бар. Олардың онға жуығы ескіріп, бөліктері істен шыққан. Инвестициялық бағдарлама аясында биыл тағы тозығы жеткен 2 нысанның жұмысы жаңа станцияларға ауыстырылып, желілер жаңартылады.

Авторлар: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы