432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада түнгі клубтар карантин талаптарын өрескел бұзған

  • 188
  • UPD: 21:22, 10.10.2020

Елордада өткен түнде жүргізілген рейд барысында бірқатар көңіл көтеру орны карантин талаптарын өрескел бұзғаны анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түнгі клубтың біріне жиналған адамдар маска тақпаған. Арақашықтық сақтау талабын ойын-сауық орны да, сауықшы жастар да қаперіне алмаған.

Бұл өткен түнде болған рейдтің көріністері. Полицейлер түнгі клубтың біріне көңіл көтеруге келген жастардың үстінен түсті. Сағат 23:00-ден әлдеқашан асқанымен, ойын-сауық орны жұмысын алаңсыз жалғастыра берген. Міне, маска тақпаған әлдебіреу мас боп, қылжиып жатыр. Саудың өзі де саулық жайлы ұмытқан. Пандемия кезінде арақашықтық сақтап жатқан ешкім жоқ. 

Қанат Нысантаев, Алматы аудандық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің бастығы:

– Бүгінгі таңда аудандық полиция қызметкерлері кәсіпкерлік нысандарының 10-15 проценті карантин ережелерін бұзғанын анықтады. Жұмыс әрі қарай жалғасады. Бұл деректердің барлығы Алматы ауданы бойынша тіркеу кітабына тіркеледі де, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберіледі. Бұдан кейін салынатын айыппұлдың мөлшері анықталады.

Алматы ауданының бір өзінде шектеу шарасын бұзғандарға қатысты 242 іс қаралып, оларға 34 млн теңгенің айыппұлы салынған. Оның 30 млн-ы өндірілді. Жалпы қала бойынша 1240 әкімшілік хаттама толтырылып, 327 іс сотта қаралды. Нәтижесінде, 134 млн теңге айыппұл салынған еді. Оның 110 млн теңгесі өндірілді.

Сырым Құрбанбеков, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы қауіпсіздігін бақылау басқармасының өкілі:

– Күнделікті жұмыс барысында анықталған негізгі мәселелер бұл біздің карантиндік шектеу уақытын дұрыс сақтамау болып табылады. Мысалы, дүкендер сағат 23:00-ге дейін жұмыс істеу керек болса, кәсіпкерлер түнгі 1-2-ге дейін жұмыс жасауда. Ал тұрғын үйлер астындағы дәмханалар түнгі сағат 10-ға дейін жұмыс істеу керек. Алайда ол дәмханалардың ережелерді бұзып, түнгі екіге дейін жұмыс істегені белгілі болды.

Естеріңізге салсақ, әкімшілік кодекстің 425-бабына сәйкес карантин талаптарын сақтамаған жеке кәсіпкерлерге 230, орта бизнес иелеріне 310, ал ірі кәсіпкерлерге 1 600 айлық есептік көрсеткіш, яғни 4,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал ереже бұзған жеке тұлғалардың қалтасы 83 мың теңгеге қағылады. Егер азаматтар жеті күннің ішінде айыппұлды төлейтін болса, жартысын ғана өтей алады.

Авторлары: Бақытгүл Оқасова, Аян Сәрсембаев

Хабар 24 телеарнасы