429,38 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жемқорлықпен күрес: А.Шпекбаев Алматы облысында атқарылып жатқан жұмыстарға баға берді

  • 209
  • UPD: 21:25, 10.10.2020

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев жұмыс сапарымен Алматы облысында болып, бірқатар нысанды аралап көрді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол модульді жұқпалы аурулар ауруханасының, студенттер үйі мен Талдықорған және Іле ауданындағы сервистік әкімдіктердің жұмысымен танысты.

200 орындық модульді жұқпалы аурулар ауруханасы небәрі 55 күннің ішінде салынып бітті. Ол диагностикалық, зертханалық қондырғылармен түгел жабдықталған. «Ақылды аурухана» жүйесі бойынша жұмыс істейтін бұл медицина мекемесі әрбір науқастың денсаулығына бейнемониторинг жасап отырады. Студенттер үйіндегі белсенді жастар Алик Шпекбаевқа сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіндегі волонтерлық жұмыстары жайлы айтып берді.

Нұрай Әлібекова, студент:

– «Саналы студент» студенттік парламентіміз құрылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жастардың челленджі өткізілді. «Таза сессия» акциясы болды.

Ал қала жұртшылығымен кездесу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру барысы талқыланды. Өңірде осы бағытта құқықбұзушылықтардың алдын алуға арналған 15 жоба жүзеге асып жатыр. Облыста жер ресурстарының электронды картасы да жасалды.

Амандық Баталов, облыс әкімі:

– Әрбір бөлінген жер телімі осы электронды картадан көрініп тұрады. Біз жер комиссиясының құрамын жасақтадық. Онда өз ісін жетік білетін, әділеттілік пен ар-ожданды бәрінен жоғары қоятын азаматтар кіреді.

Алик Шпекбаев, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігінің төрағасы:

– Бүгінгі қаралып жатқан мәселе өте өзекті, маңызды, күрделі деп айтуға болады. Оны өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Біз бүгінгі таңда сіздермен бірге Қазақстандай заманауи, жемқорлықсыз, таза, құқықтық мемлекет құрудамыз.

Алик Шпекбаев Алматы облысына жасаған сапары барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесімен айналысатын ауданаралық басқарманың ашылуына қатысып, облыс орталығы Талдықорған мен Іле ауданында орналасқан сервистік әкімдіктердің жұмысымен танысты. Ол жемқорлыққа қарсы күрес бойынша Жетісу жерінде атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы