430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақсудағы оңалту орталығы бес айлық үзілістен соң қайта іске қосылды

  • 147
  • UPD: 09:21, 11.10.2020

Елімізде қазан айының жексенбісінде Мүгедектер күні аталып өтіледі.

Бүгінде Павлодар облысында тірек-қимыл аппараты зақымданған 640-тан астам бала бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың басым бөлігі тұрақты оңалту шараларына зәру. Мәселен, Ақсу қаласының өзінде мүмкіншігі шектеулі 200-ден астам ұл-қыз тұрады. Бұған дейін денсаулықтарын жақсарту үшін ел аралайтын, ал қазіргі уақытта бұл мәселе шешілді. Шаһарда жаңа оңалту орталығы бар.

11 жасар Нұрлыбекке церебралды сал ауруы диагнозы қойылған. Жеткіншек жаттығып, өз аяғымен жүргісі келеді. Сондықтан бұл орталыққа күнбе-күн келіп, нұсқаушының тапсырмаларын мүдірмей орындауға тырысады.

Андрей Лахно, нұсқаушы:

- Баланың жүріс-тұрысы жақсарып келеді. Бұрын тік тұрып, өз бетінше қозғала да алмайтын. Бұл күндер артта қалды. Нұрлыбек енді таяқтың көмегімен жүреді.

Кішкентай Еркежан бұл орталыққа анасымен бірге келіп тұрады. Қыз балаға церебралды сал ауруының ауыр формасына шалдыққан. Оңалту шараларынан өтіп жүргеніне үш жылдан асқан. Соңғы жарты жылдың ішінде Еркежанның жағдайы жақсарған. Анасының қуанышында шек жоқ.

Мадина Төлеубаева, Еркежанның анасы:

- ЛФК, міне, маман Павлодардан келеді, жақсы маман. Массаж, парафин, бәріміз бәрін көрдік барып, қалай істейтінін. Дефектолог бар, логопед. Бұл орталық бұрыннан керек еді. Неше жыл тостық. Кім ашады екен деп.

Енді ақсулық балалар тұрақты түрде ем қабылдап, оңалтудан өту мүмкіндігіне ие болды. Мекеме былтырғы жылы ашылды. Бұл жоба бес жыл ішінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асырылды. Оған 5 млрд теңге бөлінді. Орталық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Білікті мамандар тапшылығы жоқ.

Альмира Ғабдуллина, невролог-дәрігер:

- Қайтадан ашып, қайтадан өз ісімізге кірісіп жатырмыз. Кері әсерін қалдырды пандемия. Мысалы, бізге басында келгенде психикалық ауытқулары бар балалар үйрене алмай, жылап, ата-аналарынан қалғысы келмей, солай болды ғой басында. Сосын үйреніп қалған балалар, үйлеріне қайтқылары келмейтін. Енді үйлерінде отырып қалған соң қайтадан үйретіп жатырмыз.

Орталық бес айлық үзілістен соң қайта іске қосылды. Дәрігерлер иппотерапия әдісін де қайта жандандырды. Мамандардың айтуынша, жылқымен емдеу балалардың денсаулығына оң әсерін тигізуде. Сондықтан бұл бағыттағы іс жалғасын таппақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы