428,50 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында ертеңнен бастап катаң карантин қайта енгізіледі

  • 119
  • UPD: 17:52, 12.10.2020

Маңғыстау облысында қатаң карантин енгізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде коронавирус жұқтыру дерегі артып барады. Бұған халықтың жасырын той жасап, індеттің таралуын өршітуі себеп. Мәселен, өткен демалыста Ақтаудың үш бірдей мейрамханасында тойға жиылған халық карантин талаптарын өрескел бұзған. Қарағанды мен Жамбыл облысында да дәл осындай жағдай.

Маңғыстау облысында ертеңнен бастап карантиндік шектеу шаралары қайта енгізілмек. Өңірде коронавирус жұқтыру дерегі күрт артқандықтан, осындай шешім қабылданды. 13 қазаннан бастап тамақтану орындары, дәмханалар мен ірі супермаркеттер жұмысы енді 21:00-ге дейін болады. Ал азық-түліктен басқа барлық базардың жұмыс уақыты 16:00-ге дейін қысқарады. Қоғамдық көліктер сенбі, жексенбі күндері жұмысын тоқтатады. Спорт нысандары, фитнес орталықтары мен жаттығу залдарының қызметіне де тыйым салынады.

Ғазиз Надуев, облыстың бас санитар дәрігері:

- Тамақтану орындары сағат 21.00-ге дейін шектеліп, 30 орынға дейін рұқсат берілді. Мұның бәрі бүгінгі таңда осы қазан айының басындағы облыс көлемінде COVID-19 ауруының тіркелуіне байланысты. Бүгінгі таңда қыркүйектің бірінші онкүндігіндегі көрсеткіштің көбеюіне байланысты халықтың ортасында қарым-қатынасты тоқтату үшін осындай шешім қабылданып отыр.

Қарағандыдағы мейрамханалардың бірінде 100 адамға той жасалса, тағы бір рестобарға 200 жасөспірім жиналған. Мобильді топ қаладағы 2 мыңға жуық дүкен, дәмхана, көңіл көтеру орындарын тексеріп, карантин режимін бұзған 164 нысанның қожайынын әкімшілік жауапқа тартты.

Рахман Ғинаятов, Қазыбек би аудандық ТКҚСҚБ бас маманы:

- Ең әуелі карантин талаптарын бұзған мейрамхана қожайынына айыппұл саламыз. Той иелері де жазасыз қалмайды. Қазір бізде 6 мобильді топ бар. Олар қаладағы барлық көңіл көтеру орындарын бақылауға алды.

Таразда пандемия басталғалы тойхана иелеріне 15 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Осыған қарамастан, жасырын тойларға тоқтау жоқ. Түсіндіру жұмыстарын елемейтін тойхана қожайындары жұмысын жалғастырып жатыр. Көп жағдайда мейрамханалардың ішіне кіру мүмкін емес. Өйткені мейрамханалар есікті іштен құлыптап, мейман күтетін болған. Сондықтан мониторинг жүргізетін топ есікті бұзып кіруге мәжбүр. Қазір осындай 12 топ тәулік сайын мониторинг жүргізеді.

Хабар 24 телеарнасы