429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматылық жас суретші Абайдың суретін асфальт бетіне сумен салып шықты

  • 193
  • UPD: 20:52, 12.10.2020
Алматылық жас суретші Абайдың суретін асфальт бетіне сумен салып шықты

Сумен салынған сурет. Алматылық жас суретші Джохар Юнусов түрлі әдістермен жұртты таңқалдырып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолы ол ұлы Абайдың суретін асфальт бетіне сумен салып шықты. Ерекше өнер тұрғындардың назарын аударды. Себебі, бұл портретті салуға әдеттегі бояу емес, 18 литр су жұмсалған.

23 жастағы алматылық суретшінің шаһардағы ірі сауда ойын-сауық  орталықтарының бірінің автотұрағына сызба жүргізіп жатқанын алғашында ешкім түсінбеді. Ал, Джохар Юнусов айналасына қарамастан, өз идеясын жүзеге асыруға асықты.

Джохар Юнусов, суретші:

- Мен өзім Инстраграм парақшасында отырған кезде бір бейнероликті көрдім, бір қыз асфальтқа сумен жазу жазып жатыр екен, көбелектің суретін салып жатты. Сол видеоны көргеннен кейін ойладым, осындай сумен және үлкен портрет салуға болады екен дедім.

Суретші Абайдың 175 жылдығына орай ұлы данышпаның портретін салуды жөн көрген. Бірақ бұл сурет әдеттегідей бояумен емес, асфальт бетіне сумен салынды. 4 сағаттық еңбектің нәтижесінде ені 10, ал ұзындығы 18 метр жерде ұлы ақынның  бет-бейнесі пайда болды. Бұл туындыға 18 литр су кеткен.

Джохар Юнусов, суретші:

- Суретті салғанда борды қолдандым біріншіден, екіншіден сол судың өзін және көмекші құрал ретінде көптеген жіп сатып алып, жіпті қолдандым. Жаңағы беттің, көздің, мұрынның орындарын белгілеу үшін.

Жоғарыдан анық көрінетін бұл сурет бір жарым сағаттан кейін кеуіп кетті. «Бірақ нағыз талантқа уақыт пен құрал-сайман емес, өнерді өзгеге көрсету маңызды», - дейді суретші.

Джохар Юнусов, суретші:

- Өйткені бір жыл бұрын Димаш Құдайбергеннің суретін салғанмын. Шаң басып тұрған айнаны көріп қалып, соған саусақпен, шаңдарын кетіріп-кетіріп, портретін шығарған болатынмын. Бұл енді өзімнің екінші идеям.

Джохар Юнусов бірнеше туындылардың авторы. Әсіресе, оның карантин кезінде салған мына муралы әлі де өзекті. Суретшінің ендігі мақсаты – Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтың бейнесін көрерменге ұсыну.

Авторлары: Алуа Маханбет, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы