427,88 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодардағы ірі сауда орталығында болған өрт оқиғасы тергеуге алынды

  • 52
  • UPD: 21:57, 12.10.2020

Бүгін түнде төрт қабатты ғимараттың бірінші және екінші қабаттары жанып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қызыл жалын сауда үйіндегі азық-түлік бөлімдері мен кеңселерді жалмады. Салдарынан кәсіпкерлер зардап шекті. Қазіргі уақытта келтірілген залал көлемі анықталуда.

Бірыңғай диспетчерлік пультке ғимараттың өртеніп жатқандығын күзетші хабарлаған. Қоңырау түнгі бірлердің шамасында түскен. Өрт сөндірушілер қызыл жалынмен таңғы сағат 05:00-ге дейін арпалысты. Төтенше жағдайлар мамандарына қалалық коммуналдық қызметкерлер көмекке келді.

Ернұр өтегенов, облыстық ТЖД бастығы:

- Өрт сөндіруге екі өрт сөндіру гидранты қолданылды және екі коммуналдық қызметтер қолданылды. Ешкім өрт кесірінен зардап шеккен жоқ. Бірақ мың жарым шаршы метрде өрттің өзі жойылды. Ол жерде біздің өрт-техникалық зерттеу лабораториясы жұмыс істеп жатыр. Бұдан басқа, бұл материалдар облыстық полиция департаментіне берілді.

Бастапқыда өртке қауіптіліктің екінші дәрежесі берілді. Кейін үшінші дәреже тағайындалды. Себебі, өрт жабық контрукциялардың ішіне тез тарап, жағдай қиындай бастаған.  Өртпен күреске облыс орталығындағы үш өрт бөлімшесінің күш құрылымдары атсалысты. 60-тан астам қызметкер атсалысып, 12 арнайы техника жұмылдырылды.

Бұл ғимаратта Павлодарда алғашқылардың бірі болып ашылған сауда үйі орналасқан. Бүгін орталықтың алдына ондағы орындарды жалға алған кәсіпкерлер жиналды.

Елена Костина, кәсіпкер:

- Не істерімізді білмейміз. Тауарларымыз түгі қалмай өртенді. Ішке кіре де алмаймыз.

Айбек Әбелдинов ет сатады. Бұл ғимаратта орналасқан азық-түлік бөлімшесінде 1,5 млн теңгенің өнімі сақталыпты. Тоңазытқыш жабдықтары түгелімен жанып кеткен.

Айбек Әбелдинов, кәсіпкер:

- Осындай оқиға бұрын-соңды болмаған. Өрт қауіпсіздігі бойынша тексерістер жүргізіліп тұратын. Өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілгенбіз. Енді не болатынын білмейміз. Құрал-жабдықтарымыз өртеніп кетті. Шығынға шаш етектен баттық.

Ал ғимарат әкімшілігі зардап шеккен кәсіпкерлермен байланысқа шыға қойған жоқ. Сауда орнында өрт қауіпсіздігі жөніндегі тексеру соңғы рет екі жыл бұрын жүргізілген. Сол сәтте заңбұзушылықтар анықталған. Енді ірі өрттің себебін анықтауға полицейлер де тартылады. Мамандардың айтуынша, «қасақана өртеу» деген болжам айту әзірге ерте.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы