427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биыл елімізде КСРО төлқұжатымен жүрген 867 адам анықталған

  • 123
  • UPD: 22:00, 12.10.2020

Құжат ауыстырмағандар айыппұл төлейді. Биыл елімізде КСРО кезеңінен қалған қызыл төлқұжатын ауыстырмай жүрген 867 адам анықталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстанда жарамсыз әрі жоқ елдің төлқұжатымен жүргендер әлі де көп. Сондықтан Көші-қон қызметі комитетінің өкілдері адамдарды жыл соңына дейін заңды құжат алуға шақырады.

Алматылық Александр Беляев 25 жыл бойы Кеңес Одағының паспортымен тұрып жатыр. Мамандығы – механик-жүргізуші. Көп жыл қала іргесіндегі ауылда еңбек етті. Тәуелсіздік алған соң қолындағы қызыл төлқұжатын ауыстыруға мүлдем асықпаған. Отбасы мүшелерінің құжаттары заңды. Бірақ өзінің не себепті құжатқа жүрдім-бардым қарағанын түсіндіре алмады. Егер қалалық Көші-қон қызметі құжат ауыстыруға міндеттемегенде әлі де еш жерде тіркеусіз, азаматтығы жоқ адам болып жүре берер еді.

Александр Беляев, қала тұрғыны:

- Осы бейқамдығым үшін талай рет ұрыс естідім. Ақыры жарамсыз құжатты ауыстыруға тәртіп  сақшылары жәрдемдесті. Соларға алғыс айтамын.

Жалпы жеке куәлігі жоқ жандарға медициналық және әлеуметтік жәрдем көрсетілмейді. Ел қатарлы білім ала алмайды. Зейнетақы да берілмейді. Ресми жұмысқа орналасып, ел аумағында еркін жүріп-тұрулары да қиындайды. Мамандардың айтуынша, осындай азаматтығы жоқ жандардың 60%-і ТМД елдерінен Қазақстанға қоныс аударғандар. 

Сабыржан Сейітжанов, ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті  төрағасының орынбасары:

- Егер де еш жаққа шықпаған болса, туғаннан бері Қазақстан аумағында тұратын болса, біз тиісті мекемелерді тексертеміз. Мектеп, институт, жұмыс істейтін жері. Соның бәрін тексереміз, бар ма, жоқ па деп. Одан кейін егер барлық мәлімет растайтын болса, тиісті қорытынды шығарып, сол қорытынды негізінде жаңадан құжаттандырамыз.

Жарамсыз құжаттармен жүрген адамдарды анықтау науқаны жыл соңына дейін жалғасады. ҚР Әкімшілік Кодекстің 490-бабы бойынша егер 1 айға дейін құжатсыз немесе жарамсыз құжатпен жүргендерге алдымен ескерту жасалады. Егер де 1 айдан көп уақыт құжатын ауыстырмаса, 7 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Авторлары: Алмас Садуақас, Әбен Нарынбаев

 

Хабар 24 телеарнасы