432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Полицейлер интернет арқылы сауда жасауда сақ болуды ескертеді

  • 159
  • UPD: 21:56, 12.10.2020

Павлодарда ғаламтор арқылы адамдарды алдап, оңай олжа тапқысы келетіндер көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақта интернет алаяқтары карантин кезінде қаптап кеткен. Қазір полиция қызметкерлеріне сан соғып қалған тұрғындар тарапынан түсетін шағымдар күн сайын тіркеледі. Тәртіп сақшылары алдын алу шараларын күшейткенмен, нәтиже болмай тұр.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- 26 жастағы Владимир Вологжанин әлеуметтік желідегі хабарламаға назар аударған. Интернет қолданушылар қаржы салып, кейін көбейтіп аласыз деп ұсыныс жасаған. Азамат сол сәтте жұмысынан айырылғандықтан, бұған алданып қалды. Кейін полицияға шағым жазған. Қазіргі таңда ісі тергеліп жатыр.

Владимир Вологжанин, жәбірленуші:

- Соттың болғанын қалаймын. Себебі, адамдарды алдауға болмайды. Алдын ала болжам бойынша алаяқтар Қостанайда тұрады екен. Өзім қолымда қалған 36 мың теңгені соларға аудардым. Әрине, сондай үлкен сома емес. Бірақ олар менен бөлек ондаған азаматты алдады емес пе?!

Ғаламтор алаяқтарына алданғандардың қарасы қалың. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары 700-ден астам істі тергеуде. Тең жартысы ашылды. Ал былтырғы жылы небары 200-ден астам қылмыс тіркелген.

Әділбек Брыков, облыстық ПД Криминалды полицияның аға жедел уәкілі:

- Ғаламтор арқылы сауда жасау – кең тараған қылмыстардың бірі. Аляқтар танымал сайттар арқылы хабарлама таратады да, төлемін электронды есепшотқа ертерек аударуды сұрайды. Адамдар неге алдануға бейім? Себебі, тауар бағасы арзан. Күмән тудыратын сайттармен байланыспаған жөн. Тұтынушылар тауар иесімен бейнебайланыс арқылы хабарласып, тауардың бар-жоғын тексеруге болады.

Жасы 25-тен асқан. Интернеттің қыр-сырын меңгерген. Шығармашыл әрі адамдармен қарым-қатынас орната алады. Қаржылық сауаты да жоқ емес. Бұл ғаламторда оңай олжа табатын алаяқтарға берілген кең тараған сипаттама. Мәселен, сұхбат беруге келіскен бұл азамат интернет арқылы балалар киімдерінің жалған саудасымен айналысқан. Тұтынушылардан төлемді алдын ала сұрап, кейін ізін суытқан. Карантин кезінде осылай күн көріпті.

Бауыржан, алаяқ:

- Ұсталған ұялы телефон сатып алдым. Бірнеше сим-карта алдым. Кейін ғаламторға хабарлама орналастырдым. Оңай ақша таптым. 10-нан астам адам маған сеніп, тауардың төлемін аударып тұрды. Бірақ бұл ұзаққа бармады. Қазіргі уақытта үш жылға сотталдым. Бостандығыма шектеу қойылды.

Полицейлердің айтуынша, интернет алақтары әлеуметтік желі арқылы сауда жасауға машықтанған. Биыл көліктердің қосалқы бөлшектерін саудалаған алаяқтар тобы құрықталды. Ол жалған хабарлама жасап, алдау арқылы 14 млн теңге тапқан. Полицейлер опық жеп қалмау үшін бейтаныс интернет ресурстарға сенбеуге шақырады. Бүгінде қылмыскерлер жазаға тартылған.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы