428,77 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкенттегі «Қазығұрт» шағын ауданында инфрақұрылым мәселесі шешімін тапты

  • 155
  • UPD: 22:01, 12.10.2020

Шымкенттегі «Қазығұрт» мөлтек ауданының халқы жылдар бойы жол азабын тартып келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндағы Талғар көшесінің тұрғындары 8 жыл өздері жасаған тас жолмен қатынап жүрді. Кезінде бұл мәселені біздің арна тілшілері көтерген еді. Жуырда осы жердің халқы көшеге асфальт төселіп, жарық шамдардың орнатылғанын айтып, сүйінші сұрады. Тірлігі түзеле бастаған шалғай елді мекендердің тұрғындарымен тілшіміз Нұрбек Байбосын жүздесіп қайтты.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- «Қазығұрт» шағын ауданындағы «Талғар» көшесі қазір адам танымастай өзгерген. Тұрғындар тақтайдай тегіс жолға дән риза. Ал былтыр бұл маңайдың тоз-тозы шығып жатқан болатын. Көшеге көңіл толмағандар әкімдіктен төбе көрсеткендерді жүндей түткен еді.

Бір кездері «Талғар» көшесі тастақ жолдан тұратын. Оны да осындағы халық өздері асар әдісімен қаржы жинап жасатыпты. Десек те, көктем мен күздің жаңбырында сондай ақ қыстың жылымығында көше суға толатын көрінеді. Халықтың жанайқайы жоғары жаққа жеткен соң қаржы бөлініп, асфальт төселді. «Енді еш қымсынбастан, қалада тұрамыз деп айта аламыз», дейді осындағы жұртшылық.

Абай Өтелов, қала тұрғыны:

- Жаңбырда, қарда да жүрдік. Міне, айнадай етіп асфальт салып берді. Бұрын нашар-тұғын. Қар-жаңбырда аяғым лай болатын. Қазір тамаша енді. «Хабар» агенттігіне рахмет айтамыз. Халықтың былтырда да келіп мұң мұқтажын тыңдап еді.

Сонымен қоса, бұл көшеде жарық шамдар атымен жоқ болатын. Алаңдаулы ата-аналар «кеш батқанда мектептен қайтатын ұл-қыздарымызға қиын еді», дейді. Қазір жолмен бірге көше шамдары да ретке келтіріліпті.

Жетпісбай Жұрынбаев, қала тұрғыны:

-Көшемізге қарап тұрсақ, қандай әдемі. Жарығымыз бар. Көшеміз түнде жарық болады. Арыз жазып, осы халықтың атынан шыққан едік бірінші «Хабар» арнасына. Мыңда бір алғыс. Осында келіп тұрған сендерге рахмет.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- Ал бұл «Солтүстік Саяжай» тұрғын алабы. Жуырда атауы «Нұр шуақ» болып өзгерген мегаполис іргесіндегі елді мекен. Шағын аудандағы инфрақұрылым мәселелері туралы жаңалықтарымызда бір емес бірнеше рет айтқан едік. Мұндағы тұрғындар таза ауыз сусыз күн кешіп келеді. Су таситын көліктер жауын-шашын түскенде жолдың жоқтығынан ауыз су әкелуді доғарады.

Ал, биыл көптен күткен таза ауыз су келіп жатыр. Қазір құрылыс жұмыстары басталған.

Зибагүл Қосуақ, қала тұрғыны:

- БАҚ өкілдеріне хабарласып, ауылымыздың мәселесін ортаға тастағанбыз. Содан бері шамалы болса да, жылжу бар. Биыл екі трансформатор қойып, жарықпен қамтамасыз етті. Ауыз суды да жылжытып берді. Құдай қаласа, суды да тендерден ұтыпты. Судың жобасы жүргізіліп жатыр.

Бұл елді мекеннің балалары көрші шағын ауданындағы мектепке тіпті кейбіреулері қала орталығына қатынап оқиды. Сондықтан білім ұясының жоқтығы өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Ал көгілдір отынды тартуға жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі:

- Су құрылысы басталды. Енді 100 шақырымнан астам жерге су құрылыстары жүргізіледі. Оған 2,8 млрд теңге қаражат бөлінді. Тұрғындарға айтып жатырмыз, ол 2021 жылға өтпелі. Әзірше біз бұл жерге «ЛТД Тұрмыс» деген мекемеден арнайы автокөлікпен ауыз су тасымалдап беріп жатырмыз. «Талғар» көшесінде өткен жылы сол «Хабар» агенттігі өздеріңіз келіп, мәселені көрген болатынсыздар. Оған 25 млн теңге қаржысы бөлініп, Талғар көшесі толығымен асфальттау жұмыстары аяқталды. Ол жерде жаяу жүргінші жолы, су ағарлары бар. Осы секілді мәселелерді жасап жатырмыз.

Қала іргесінде тұрса да, озық өркениеттен алыстап қалған тұрғындардың тілегі біреу ғана. Олар «инфрақұрылым толық тартылса», дейді.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

 

 

Хабар 24 телеарнасы