432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шудың бойындағы бірнеше ауыл үкіметтен көмек сұрап отыр

  • 187
  • UPD: 08:31, 13.10.2020

Жамбыл облысында бірнеше ауыл экологиялық апаттың алдында тұр. Мойынқұм ауданындағы мыңдаған гектар жайылым мен шабындық жерлерді құм басып барады. Өйткені қазір Шу өзенінің бойында гидроқондырғы жоқ. Сондықтан жергілікті әкімдік алқаптарға арнаны бұру үшін қолдан бөгет жасайды. Бұл тәсіл экожүйені бұзып, табиғатқа орасан зор залал келіп жатыр. Ал қолдан үйетін маусымдық бөГенге жылда миллиондаған қаражат бөлінеді. Ол қаржы жыл сайын суымен ағып кетеді.

Шаруалардың егін алқабы мен ауыл іргесіндегі жерлерді суландыру үшін Шу өзені жылда 6 жерден байланады. Міне мынадай бөгеттерді салу үшін өзен арнасына жылда 100 мың текше метрге жуық топырақ пен құм төгіледі. Оған аудандық бюджеттен жылда 24 миллион теңгеге дейін қаражат бөлінеді. Ал суару маусымы аяқталған соң уақытша бөген қайта жырылады.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Міне жаңағы бөгеттерден жырылған құм Шу өзенінің арнасымен көшіп, ауыл маңындағы  шабындықпен жайылымды қайыра басып жатыр. Бұл жер жергілікті жұрттың шөп шауып, мал азығын дайындайтын орыны болған. Алайда бір ғана гидроқондырғының салынбауының кесірінен көкмайса жайлау мынандай кәдімгі шөлге айналған. Мамандардың есебі бойынша аудандағы осындай он мың гектардан астам жерді құм басқан.

Құмның кесірінен өзен табиғи арнасынан айныған. Өзектер көміліп, су жайылымға шықпай қалған. Жергілікті шаруалар мал азығын дайындау жылдан жылға қиындап бара жатқандығын айтады. Биыл шөптің де бағасы шарықтап кеткен. Бұлай жалғаса берсе, жұрт қолдағы малын сатып ауылдан көшуге мәжбүр боламыз дейді.

Мұхамбетқұл Сабыров, Мойынқұм ауылының тұрғыны:

- Жайылымдық жоқ. Шабындық жоқ. Ауыл тұрғындарының мал ұстауына ешқандай мүмкіндігі жоқ. Бұл экологиялық апат деп айтуға болады. Білдіңіз ба? Мынау кетіп бара жатыр. Бұлай кете беретін болса түгел төменгі жақ Шудың бойы осындай жағдайға қалады.  

Қазір бұл проблема өткір тұр. Шу өзенінің бойына екі жерден су реттегіш гидроқондырғы орнату қажет. Бұл бүтін бір аудан тіршілігін сақтап қалумен тең. Алайда бұған жергілікті әкімдік дәрменсіз. Аудандық мамандар оның сметасын алдын ала есептетіп те көріпті.

Қызыр Елеусізов, Мойынқұм аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Бұған қаржы жоқ. Аудандық бюджеттің шамасы көтермейді. Облыстық бюджет көтермейді. Сондықтан біздің республикадан көмек керек. Табиғатты қорғау мекемелері, министерствосы бар. Экология министрлігі бар. Міне солардың құлағына алтын сырға. Біз ана жердің бәрін қопарып жатырмыз. Қазып жатырмыз. Түгел бұзып жатырмыз. Еще Шу өзенінің аяқ жағына барып қайыр басып, экологиялық катастрофа, тепе-теңдік бұзылып жатыр. Флора мен фаунаның бәрі құмның астында қалып жатыр. Қайырдың астында. Көрдіңіздер. Таздың басындай болып жылтырап жатыр. Бір тал шөп жоқ.

Егер гидроқондырғы салынса, біріншіден 7 ауылдық округ тұрақты түрде суармалы сумен қамтылады. Екіншіден, миллиондаған бюджет қаражатын суға ағызу мәселесі тоқтайды. Үшіншіден суармалы егіс алқаптарының көлемі екі есеге дейін артады. Ең бастысы құм көшкіні тоқтап, табиғи апаттың алды алынады.

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы