428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Каспийдің түбін тереңдету жұмыстары теңіз тіршілігіне кері әсер етеді – Экологтар

  • 70
  • UPD: 09:50, 13.10.2020

Каспийдің солтүстік бөлігінде теңіз түбін тереңдету жұмыстары жүргізіледі. Сол арқылы жалпы ұзындығы 56 шақырым болатын екі канал қазылады. Бұл Қашаған мұнай-газ кен орнының кеме қатынасын жақсартады. Алайда экологтар тереңдету жұмыстары су айдынының биоалуандылығына кері әсерін тигізеді деп, алаңдап отыр.

Соңғы 15 жылда Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі су деңгейі айтарлықтай төмендеген.

Мұнай өндіруші компания қызметкерлерінің айтуынша, теңіз түбі тереңдетілмесе, 5 жылдан кейін мұнай өндірісі тұралап қалуы әбден мүмкін.

Алайда экологтардың айтуынша, тереңдету жұмыстары су айдынындағы биоалуандылыққа кері әсерін тигізеді.

Арман Хайруллин, эколог:

- Теңіз түбіндегі су түбі тұнған бентус. Зообентусы бар, басқасы бар. Мұның барлығы балықтың азықтық қоры. Егер қазатын болса, бір мезет осының бәрі өлетін болады. Балық шаруашылығына үлкен кері әсерін тигізеді деп есептеймін. Мұны нақты зерттемей тұрып, бұл жұмыстарды бастау әлі ерте деп санаймын. 

Теңіз түбін тереңдету арқылы салынатын екі каналдың ені 80 метрден 115 метрге дейін болады. Мұнай өндіру компаниясы қызметкерлерінің айтуынша, тереңдету жұмыстары кезінде қоршаған ортаға ешқандай зиян келмейді. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін талдау жүргізіліп, мемлекеттік органдармен келісім де жасалған көрінеді.

Қуанышбек Маханов, мұнай-газ компаниясының өкілі:

- Пандемияға қарамастан компания қоршаған ортаға зиян келтірмеу үшін жобаны әзірлеу кезінде экологиялық әрі биотехникалық зерттеулер жүргізілді. Сондай-ақ осы жобаны дайындау барысында мемлекеттік органдармен бірқатар алдын ала кездесулер өтті. Өңір жұртшылығымен де жүздестік.

Теңіз түбін тереңдету жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасымен экология департаменті әлі таныспаған. Әзірге белгілі болып отырғаны, тереңдету кезінде 19 млн жуық текше метр топырақ шығарылады екен. Бұл жұмыстар 2021 жылдың бастап 2022 жылдың соңына дейін жоспарланған.

Авторлар: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов

Хабар 24 телеарнасы