428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекарада санитарлық бақылау күшейді

  • 222
  • UPD: 21:02, 13.10.2020

Біздің елдің аумағына өтушілердің ең алдымен дене қызуы тексеріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың міндетті түрде COVID-19 індетіне қатысты анықтамасы болуы керек. Шекаралық бақылау бекетінде тиісті ПТР тест анықтамасын көрсете алмағандарды екі күнге аудандық аурухана жанындағы стационарға жібереді.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы «Жібек жолы» шекаралық бақылау бекетінде арлы-берлі өтіп жатқан азаматтар легі аз. Бұрындары мұнда екі ел арасындағы қатынаушылар көп болатын. Қазір мұнда бір күнде, яғни тәулігіне шамамен 50-100-ге тарта адам өтеді.

Қауіпті вирус жоқ кезде шекарада тіршілік қыз-қыз қайнайтын. Бұрын күніне 400-ден астам адам екі ел арасына қатынайтын. Қазір ондағы адам саны азайған. Дегенмен шекара қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Тек санитарлық талаптарға сай қауіпсіздік шаралары күшейтілді. 

Сара Көшербаева – Қазақстан азаматы. Өзбекстандағы қызының үйіне қыдырып келген ол індет басталған соң  онда қалып қалған. Ал елге қарай өтпек болғанда ПТР тестін тапсыратыны белгілі болды. Енді ол кісі үйіне тек карантиндік стационардан шыққаннан кейін ғана қайта алады.

Сара Көшербаева, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

– Қарақалпақстанға қыдырып барып едім. Бір жылдай болды қалғаныма. Адамдар анықтама керек деді, сосын керек емес дейді. Сосын шыға салғам ғой. Енді осындағылар анықтама керек дейді. 

Қазір Түркістан облысының Өзбекстан мен шекаралас Сарыағаш, Мақтарал, Келес аудандарында санитарлық бекеттер құрылған. Өңірдің санитар дәрігерлерінің мәліметінше, соңғы аптада 400-ден астам адамды стационарға жатқызған. Олардың ішінде жұқпалы індет анықталған азаматтар да кездескен. Қазір аудандардағы провизорлық емдеу орындарында төсек орын жеткілікті. 

Мукадас Юнусметова, «Жібек жолы» кедендік бекетінің санитарлық-карантиндік бақылау бойынша бас маманы:

– Қазақстан Республикасының азаматтары қолында ПТР анықтамасы болса, шекарадан оңай өте алады. Ал егер қолында тиісті құжат болмаса онда біз ол азамат туралы сауалнама толтырып, қолхат алып, сосын жедел жәрдем шақырамыз. Дәрігерлер ондай азаматтарды жергілікті провизорлық стационарға апарып, екі күнге жатқызады.

Ал шетелдік азаматтардың да қолында 72 сағатқа жарамды ПТР тест анықтамасы болмаса, Қазақстанға қарай өткізілмейді. Ең бастысы, халық санитарлық талаптарға түсіністікпен қарап жатыр дейді мамандар.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы