427,88 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Серебрянск бейорганикалық зауытының 100-ден аса жұмысшысы еңбекақысын ала алмай жүр

  • 56
  • UPD: 21:16, 13.10.2020

Шығыстағы Серебрянск бейорганикалық зауытының 100-ден аса жұмысшысы былтырдан бері еңбекақысын ала алмай жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір кәсіпорынның жалақыға қарызы 40 миллион теңгеге жеткен. Тау-кен саласы мен өндірісте жұмысшыларға арналған респиратордың түр-түрін шығаратын кәсіпорынға соңғы екі жылда бірнеше компания иелік етті. Алайда олардың ешқайсысы зауытты аяғынан тұрғыза алмаған. Өндіріс қолдан қолға өтіп жүргенде жалақы қарызы да өсіп кеткен.

Соңғы 15 жылда бұл зауыт толық жұмыс істеген жоқ. Ұзақ уақыт банкте кепілдікте тұрды. Бірнеше жыл бұрын проблемалық кредиттер қорының иелігіне өткен. Содан бері кәсіпорынды сенімді басқаруға алуға талай инвестор ниеттенгенімен, ешқайсысы тәукелге бармаған. Тек былтыр ресейлік құрылтайшы қаржы салып, қазақстандық компанияға сенімді басқаруға тапсырды. Алайда 6 айдан соң оның да жұмысы тұралады. Еңбекақы қарызы әлі толық өтелмей келеді.

Давид Мартиросян, зауыттың бұрынғы жұмысшысы:

– Ешқандай қозғалыс жоқ. Біз күдерімізді үзе бастадық. Өйткені зауыттың басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалыпты. 3,5 миллиард теңге жымқырған дейді. Ал бас есепші де істі болып қамауға алынды. Зауытқа қазір иелік етіп отырған кәсіпкер де 2 ай жұмыс істеді. Қазір оның да жұмысшылардың жалақысына қарызы бар. 

Жалақыға қарызы бар екенін зауыттың директоры да жасырмайды. Екі айда 8 миллионнан асқан. Еңбекшілермен уақытылы есеп айырыса алмауын тапсырыстың жоқтығымен байланыстарады. Дегенмен біртіндеп өтеп жатқан көрінеді.

Қайрат Қуанбаев, бейорганикалық зауыттың бас директоры:

– Бізде жұмыс болған жоқ. Адамдарды таратып жіберуге болмайды. Қарыздарды бүгін жауып жатырмыз. Жартылай қарызды жауып тастағанбыз.

Жалақы бойынша қарыз 30 миллионнан асады. Бұл – зауыттың бұрынғы иесінен қалған берешегі. Кредиторлық қарызы да миллиардтап саналады. 

Бақытбек Қизатов, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

– Бұрынғы кәсіпорын басшысы Бутринге байланысты қылмыстық істер қозғалған. Проблемалық несиелер қорының мәліметі бойынша сол кәсіпорынның жағдайы туралы бағалау жұмыстары аяқталып келе жатыр. Аяқталғаннан кейін тендер жұмысы жүргізіледі.

Жүргізілетін тендер жұмысының талабы бойынша зауытқа иелік еткісі келетін келесі компания жұмысшылардың жалақы бойынша бұрынғы қарызын толық өтейді. Одан соң ғана басқаруға алады. Алайда қондырғылары мен құрылғыларының бәрі тозып, ғимаратының алқам-салқамы шыққан кәсіпорынға әзірше ешкім қызықпай отыр.        

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы