432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде құс тұмауының таралуы тоқтады

  • 138
  • UPD: 21:21, 13.10.2020

Мамандардың айтуынша, шамамен 1 айдан кейін Қазақстанда бұл індет мүлдем болмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет тарапынан өтемақы алуға өтініш білдіргендерге қаражат беріліп жатыр. Ал уақытында тіркеуден өтпей, осы тізімге іліге алмағандар әлі күнге дейін Ауыл шаруашылығы министрлігімен дауласып, шығындарын дәлелдеумен әлек.

Биыл әлемнің 26 елінде жоғары патогенді құс тұмауы анықталды. Бұл тізімде біздің ел де бар. Салдарынан отандық фабрикалар мен жеке шаруашылықтарда 700 мыңнан астам құс қырылды. 7 облыстағы 78 елді мекенде карантин режимі енгізілді. Бұл індеттен Солтүстік Қазақстан, Қостанай мен Ақмола облыстары қатты зардап шекті. Жақында Үкімет шаруалардың шығындарын өтеуге кірісті.

Тұрсын Қабдолданов, ҚР АШМ ветбақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы:

– Жалпы екі құс фермасында барлығы 361 мың шығынға ұшыраса, жеке аулада 45 110 бас құс шығын болды. Құс шығындарын өтеу Статистика комитетінің берген қыркүйек айында әрбір әрбір аудан, елді мекен бойынша белгіленген баға арқылы және онда құрылған комиссияның шешімімен 7 қазан күні барлық облыс әкімдігіне шаралардың жүргізілу тәртібі және осы құжаттардың дайындалуы туралы хат жолданған болатын.

Бүгінгі таңда шығынға ұшыраған жеке қожалықтар мен құс фабрикаларына 15 мың бас үшін 75 млн теңге өтемақы төленді. Төлемдер әлі де жалғасып жатыр. Ол үшін фермерлер құс шаруашылығы барын растайтын анықтаманы көрсетуі керек. Бұл құжаттарды уақытылы бермегендер мемлекеттік қолдаудан қағылды.

Руслан Шәріпов, ҚР құс өсірушілер қауымдастығының төрағасы:

– Бізде 2 фабрикада 500 мыңнан, үшіншісінде 246 мың құс тұмаудан қырылып қалды. Ауыл шаруашылығы министрлігі тек өздері тіркеген құстар үшін ғана өтемақы төлемек. Сол себепті кейбір фабрикалар мемлекеттік қолдаудан қағылып отыр. Мысалы «Алекри» компаниясының шығындары мүлдем есепке алынбаған. Өйткені олар аурудың таралып жатқандығын хабарламас бұрын өздері алдын алу шараларын жүргізе бастады. Жергілікті мамандар ауырған құстарды газдап, вентиляторларын тоқтан өшіріп тастады. Енді бұл фабрикаға өтемақы берілмей отыр.

Комиссиясының бұл шешіміне қарамастан, Құс өсірушілер қауымдастығы әлі де Ауыл шаруашылығы министрлігімен келіссөздер жүргізбек. Сонымен қатар фабрикалар мен жеке шаруалар арасында вакцина сатып алып, тағы шығынға батқаны бар. Кейбірі құс етіне сұраныстың азайғанын байқады. Ал тұтынушылар індет салдарынан жұмыртқа бағасы шарықтап бара жатқанына алаңдаулы.

Авторы: Дариға Ташенова, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы