428,50 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-дағы Жаңақала ауданы төрт түлікке қажетті тіршілік нәрінен тарығып отыр

  • 93
  • UPD: 23:08, 13.10.2020

Аудан аумағындағы көлтабандарға соңғы 3 жыл бойы су түспеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жайық өзенінің тартылып кеткені өз алдына, жауын-шашынның аз болуы да жағдайды қиындатып отыр. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары салынған суландыру жүйелері әбден тозған. Ауыл маңындағы сортаң су қоймаларынан тұзды шаң көтеріліп тұрғындарды әбігерге салып жатқан жайы бар.

Бұл – Жаңалақаның дәл іргесіндегі саялы Соркөлдің қазіргі сиқы. Кезінде суы кемеріне келіп, толқыны жағалауды ұрғанда туризмді дамыту туралы ұсыныстар түскен. Ауыл халқы тұзды судың емдік қасиеті мол екенін жарыса айтып жүретін. Соңғы жылдары аумағы 150 гектар болатын су қоймасы жағалаудан жүздеген метрге тартылып кетті. Аң мен құсы аулақтап, балық біткен батпаққа сіңіп жоғалғандай. Базары тарқаған көлдің айналасынан алақұйын дауыл көтеріліп ауыл тұрғындарына қатер төндіре бастады:     

Әділхан Бөкенов, Жаңақала ауданының тұрғыны:

– Мынау өзіміздің Жаңақала деген ауылымыз, іргесіндегі Соркөл. Жағадан қазір 400-500 метр жерге дейін тартылып кетті. Осы Соркөл жақтан жел соққанда ауылымызға сор тұзының бәрі ұшып келеді. Тұзбен ауыл демалып отыр, ауылдың ішінде көкала шаң.

Арнасы құрғап, кенезесі кепкен келесі су қоймасы Жалтыркөлдің де қазіргі халі тым аянышты. Ит тұмсығы өтпес қамыс-құрағының қалыңдығынан болар, кезінде бұл маңда аң мен құстың түр-түрі жыртылып айырылатын. Тіпті, қызыл кітапқа енген құстардың талайы жыл он екі ай осы бір ғажайып мекенге тұрақтайтын. Сондықтан болар, су құстарын сақтап көбейту мақсатында бұл жерге қорықша мәртебесі де берілді.   

Жалпы Жаңақаланы қамыс самар елі дейтіндер аз емес. Бұл аудан аумағындағы өзен-көлдерде қамыс пен құрақтың көптігінен болса керек. Құрғап қалған Жалтыркөлдің жағалауы да міне, ну қамыс. Бірақ тамшы су да қалмаған соң бұл жерден де береке қашқан. Айналасында аң мен құсты былай қойғанда, жайылып жүрген малдың да қарасы көрінбейді. 

500 ден аса шаруа қожалығы, 70 мыңдай ірі қара мен 200 мыңға тарта қой-ешкісі бар аудан үшін тіршілік нәрінен тарығу оңай емес. Аудандағы су көздерінің барлығы дерлік құрғап кетті.

Кей жерлерде ірі қараның батпаққа батып қырыла бастағанына мына кадрлер куә. Жайылым жер аз. Оның да көп жерін киіктер отап кетеді. Суы ащып кеткен соң құдықтардан да қайыр шамалы.

Қысқы мал азығының тек 30 процентін дайындадық. Тек былтырдан қалған шөппен амалдаймыз дейді ашынған шаруалар. 

Талғат Байкенов, шаруа қожалығының басшысы:

– Жаңақала ауданында немен айналысасың? Біз тігінші бола алмаймыз, тағы бірдеңе еге алмаймыз. Ата-кәсібіміз – мал шаруашылығымен айналысамыз. Мал шаруашылығымен адам қалай айналысады, егер су болмаса? Қазір кредит беріліп жатыр, оны алған адамдар малдарын қалай қыстан алып шығатындарын. Жағдайлары өте ауыр. Президентке халықтың жанайқайы жетеді деп ойлаймыз. Шара қолданса екен, жауабын күтеміз, үміт етеміз.

Жаңақалаға тіршілік нәрі Көшім каналы арқылы Жайықтан және Қарөзен мен Сарыөзен арқылы Ресейден жеткізіледі. Мамандар өзекті мәселенің басты себебін соңғы жылдары осы өзендерден келетін су көлемінің өте төмендеп кетуімен байланыстырады. Ал Жаңақаладағы өзен-көлдерге су қашан жетеді, бұл күрмеулі мәселе қалай шешімін табады деген нақты сауалымызға облыс басшылары былай дейді: 

Аманжол Алпысбаев, облыс әкімінің орынбасары:

– Екі миллиард теңге бөлінді, биыл тағы да қолдады. Шешім берілгенде, одан да көбейтеміз, 24 қарашаға дейін созылды. Бұрын осы қазан айында Ресейден тоқтатып тастайтын. Қазір 3 кубқа дейін жіберіп жатыр, сондықтан су болады, ол сұрақ шешілді. Кушум арқылы алып жатқан суды көбейтуіміз керек. Және де Қараөзен мен Сарыөзен арқылы алып жатқан судың көлемін көбейту керек. Қаражат бар, шешіліп жатыр, 2 миллиард теңге. Әрі қарай қанша беретініміз белгісіз.

Мамандардың айтуынша, ауданды тіршілік нәрімен толық қамту үшін жылына 330 миллион текше метр су қажет. Бірақ қазір бұл көлемнің тек 50 проценті ғана жеткізіліп отыр. Соңғы 3 жылда Жаңақаладағы 16 су қоймасының барлығы дерлік құрғап екеуі ғана қалған. Су болмаған соң мал азығының бағасы да аспандап кетті. Шаруашылықтар шөпті көрші аудандардан сатып алып амалдауға көшті. Жағдайдың қыиын екенін талай рет айттық, жаздық. Алайда ашынғанда шыққан ащы шыққан даусымыздың жоғарыға жетпей жатқанына қапалымыз дейді Жаңақала жұрты.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы