428,50 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында ауыл тұрғындары жүзден астам отбасына тегін үй салып жатыр

  • 116
  • UPD: 09:23, 14.10.2020

Жамбыл облысында «Асар» дәстүрін жаңғырту арқылы мұқтаж жандар баспанамен қамтылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл өңірде жүзден астам отбасына ауыл тұрғындары асарлатып үй тұрғызды. Қазір олардың кейбірінде құрылыс аяқталып, тапсырыла бастады. Бұл игі бастама бүкіл ауылда қолдау тапты.

Мойынқұм ауданында былтыр Бақыт Оразбаеваның үйі өртеніп, далада қалған. Абырой болғанда, өздері сыртқа шығып үлгерген. Ол содан бері мына шағын сарайдың тар бөлмесін паналап келіпті. Жалғызбасты көп балалы ананың жағдайын ауылдастары көріп, баспанасын қайта қалыпқа келтіріп беруге кіріскен.

Марғұлан Аязбаев, Бірлік ауылының тұрғыны:

- Ауылдың тұрғыны ғой, енді қалай көмектеспеймін. Арасында келіп жатырмыз. «Асар» дегенін естіп, мына кісі осылай үй тұрғызып жатыр дегенге көмектесіп жатырмын. Келіп тұрам. Ылғи көмектесем.

Бірлік ауылының жігіттері бірлесіп, бұрынғы үйінің орнына қосымша екі бөлме қосып берді. Іші-сыртын сылап, шатырын жапты. Қазір сыртқы жұмыстар істеліп жатыр. «Қысқа қалдырмай бітіріп береміз», деп отыр ауыл жастары. Ал, Бақыттың өзі «Көршілеріме алғыстан басқа айтарым жоқ» дейді.

Бақыт Оразбаева, көп балалы ана:

- Ешқандай ақша төлеп жатқан жоқпын. Өздері көмектесті. Ауыл жастары болып, өздері көмек береміз деп көмектесіп отыр. Жәрдемдескеніне көп-көп рақмет айтамын!

Қазір он аудандағы елді мекендерде осындай жұмыстар жүріп жатыр. Әлі әлеуметтік аз қамтылғандарға 106 үй тапсырылуы тиіс. Айта кеткен жөн, «Асар» дәстүрімен үй салу кезінде жер телімдерін бөлу мен құжат рәсімдеу мәселесі жұмысты біраз тежеген.

Зарина Қуаттегі, облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің жетекшісі:

- Келесі жылғы жобаға ерте көктемнен біз осы асарлатып үй салу арнайы жобасы аясында жұмыстарды жалғастыру үшін қазірден бастап ең мұқтаж отбасыларды анықтап, жер бөлу, құжаттарын дайындау сияқты жұмыстарды алдын ала жасамақпыз.

Биыл өңірде жыл соңына дейін 123 үйді ата дәстүрмен салып, тапсыру жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін он екісінің құрылысы аяқталып, беріліп отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы