432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы аумағындағы шағын өзендер ластанып жатыр

  • 100
  • UPD: 09:40, 14.10.2020

Алматы аумағындағы шағын өзендерге кәріз сулары ағып, жағасы қоқыстан арылмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, Алатау ауданына қарасты Тереңқара өзеніне кәріз суларының ағып жатқанына ширек ғасыр болған. Ал, Медеу ауданындағы Терісбұлақ өзеніне жақын жердегі тұрғындар қалдық лақтыруын қояр емес.

Шапағат шағын ауданы қаланың теріскейінде орналасқан. Бұрын Заря восток аталған шағын ауданда 25 жылдан бері кәріз желілері жасалмаған. Жергілікті тұрғындар да жақын жердегі кәсіпкерлік нысандары да қалдық суларын жолдың жағасындағы арыққа ағызады. Ал, арықтың сағасы жақын жердегі Тереңқара өзеніне барып қосылады.

Гүлжеңіс Түзелбекова, қала тұрғыны:

- Арыққа елдің бәрі канализацияларын қосқан. Ана Болашақ базарының артынан басталып, елдің бірінде канализациялары жоқ. Дәретханаларының суы, моншаның суы осы арықпен ағады. Ашық, науа жатыр, соның ішінде сасып, күнделікті біз сасық суды иіскейміз.

Дінмұхаммед Лесбеков, қалалық  экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы:

- Алатау ауданы әкімдігіне біздің департмент тарапынан осы мәселені шешуді және арықтарды тазарту бойынша ұсыныс хат жолданған болатын. Алайда өздеріңіз көріп отырғандай, арықтар әлі сол күйінде жатыр. Қоқыстан тазартылмаған арықтар. Кәріз жүйесінің ағындылары Тереңқара өзеніне әлі күнге дейін түсіп жатыр.

Құзырлы мекеме басшыларының айтуынша, мәселенің шешім табатын уақыт алыс емес. Ең бастысы, кәріз желісі жүргізілген соң тұрғындар да, бизнес нысандары да қалдық суға арналған құбырға қосылуы керек.

Рауан Карменов, Инфрақұрылымдық даму және энерготиімділік ББ басшысы:

- Қазіргі таңда энерготиімділік басқармасы тарапынан Шапағат ықшамауданында магистральдік канализацияы және су желілерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Су желілерінің ұзындығы 24 километр, канализация желілерінің ұзындығы 13 километрді құрайды. Осы желілердің құрылысы ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталып, 2021 жылдан бастап эксплуатацияға беріледі.

Кәріз суының қалдығы Терісбұлақ өзеніне де құйылып жатыр. Медеу ауданынының аумағындағы бұл өзеннің ұзындығы 6,5 шақырым. Өзенді жағалай орналасқан жеке үйлер өздері құбыр тартып, оны өзенге ағатындай жасап алған. Қалалық экология департаменті мамандарының арызы негізінде қазір кәріз суы тоқтатылды. Ал, өзеннің жағасы тұрмыстық қалдықтан аяқ алып жүргісіз.

Дінмұхаммед Лесбеков, Алматы қ. бойынша экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы:

- Полиэтилен пакеттерінің жойылу мерзімі өте ұзақ. Ол 80 жылды құрайды. Ал пластик бөтелкелердің еру жойылу уақыты 200 жылдан асады. Ал мына шишадан жасалған заттардың табиғатта топырақ астында жойылу уақыты 500 жылдан асады. Тұрғындардың мәдениетінің әлі де қалыптаспағандығын көрсетіп отыр.

Терісбұлақ өзенінің тазалығына мердігер ұйым жауапты. Ал, олардың жұмысын қадағалайтын аудан әкімдігінің мамандары өзен жағасында тазалау жұмыстары апта сайын жүргізілетін алға тартты. Алайда, шіруге айналған тұрмыстық қалдықтар жағалаудың көптен бері тазаланбағанын көрсетіп тұр.

Есбол Күребай, Медеу аудандық көріктендіру бөлімінің бас маманы:

- Өзен арнасы өте тік орналасқан. Сондықтан адамдар тек техника кіре алмағандықтан, қолмен жинауға тура келеді. Сол себепті өзен арнасын басынан аяғына дейін тазалап шығуға біраз уақыт кетеді. Ауданда басқа өзен арналары бар. Солармен айналып, график қайта айналып келгенше, бір апта уақыт өтеді.

Әкімдік өкілдері мердігер компанияны жақын күнде тазалық жүргізуге міндеттейтінін жеткізді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов, Әбен Нарымбаев

Хабар 24 телеарнасы