427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда бұрынғы трамвай депосының орнына қонақ үй кешені салынуы мүмкін

  • 149
  • UPD: 10:14, 14.10.2020

Алматы белсенділері бұрынғы трамвай депосы жеке қолға өтіп барады деп дабыл қағуда.

1941 жылы ашылған депо 2015 жылдың күз айына дейін жұмыс істеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қоғам үшін қауіпті деп танылған трамвай көлігі осы кезден бастап өз жұмысын тоқтатқан болатын.

Қаланың қақ ортасында 3 гектардан астам жері бар трамвай депосының орны қоғам үшін пайдалы кеңістікке айналу керек еді. Бірақ арада бес жыл өтсе де, бұл жоба әлі іске аспай тұр. Ал, жуырда әлеуметтік желіде осы мекенжай бойынша қонақ үй кешені салынады деген ақпарат тарап кетті.

Әлеуметтік желіде тараған мына ақпарат қала белсенділерінің ашу-ызасын туғызды. Сондықтан бүгін олар нақты жауап алу үшін бұрынғы трамвай депосының алдына жиналды.

Салтанат Тәшімова, қала белсендісі:

- Әлеуметтік желіде тараған ақпараттан кейін біз осы мекенжайдың кадастрлық нөмірін тексердік. Расында да онда әкімшілік ғимарат қонақ үй салынады деп көрсетілген. Сонда бұл қалай болғаны? Бұл жер халықтың игілігіне жұмсалады дегені қайда? Онсыз да осы ауданда көп қабатты үйлер көп, ауа тар. Ал, саябақ деген атауымен жоқ.

Трамвай депосының орнына салынуы керек «Depo Park Evolution» жобасының авторы бұл сөздерді жоққа шығарып, мұнда үлкен жоба жүзеге асып жатқанын айтты. Қоғам үшін «қауіпті» деп танылған Алматы трамвай депосы 2015 жылдың күз айында өз жұмысын тоқтатқаннан кейін қала әкімшілігі бұл жерді тиімді игеру үшін арнайы байқау да ұйымдастырған еді. Нәтижесінде амфитеатры ашық аспан астындағы кинотеатры, кітапханасы және тамақтану орындары бар креативті кешеннің жобасы мақұлданған.

Лейла Қайназарова, «Depo Park Evolution» жобасының авторы:

- Байқасаңыздар, біз депо деп отырған аймақтың барлығында Байтұрсынов көшесі 22 үй деп көрсетілген. Ал, шын мәнінде бұл жердің үштен бір бөлігі бұрыннан жеке қожайынға тиесілі. Міне, сонда қонақ үй салынуы мүмкін. Мұның қоғам үшін берілген жеріне еш қатысы жоқ.

Жалпы трамвай депосының аумағы 3,1 гектардан асады. Ал, қала тұрғындары үшін бой көтеріп жатқан нысан 2,1 гектар жерді алады екен. Қалған жер қалай және қашан жеке иелікке өтіп кеткеніне құзырлы мекемеден жауап ала алмадық.

Әсел Есентүгелова, қала тұрғыны:

- Жер қатынастары басқармасы, абаттандыру бөлімінің басшысы, ешкім келген жоқ. Бүгін ешкім келген жоқ. Сондықтан біздің сұрақтарымызға жауап берсін.

Тарихи орынды сақтап қалуды көздеген жоба құрылысы қашан аяқталатыны белгісіз. Себебі, бұл жерді креативті нысанға айналдыру үшін әлі де 2,5 млрд теңге қажет екен.

Авторлары: Алуа Маханбет, Радик Жақұпов

Хабар 24 телеарнасы