428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда баспана кезегінде тұрған 1500 адамның өтініші мақұлданды

  • 129
Алматыда баспана кезегінде тұрған 1500 адамның өтініші мақұлданды

«Шаңырақ» пилоттық жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес баспаналы болуды армандаған қазақстандық азаматтарға жеңілдетілген шарттармен несие беру мақсатында әзірленген.

Жоба операторы – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы). 14.10.2020 ж. бастап баспанаға мұқтаж жан ретінде 1986 жылдан 2017 жылға дейінгі мерзімді қоса алғанда әкімдіктер кезегіне тұрған Қазақстан Республикасының азаматтарынан өтініш қабылдаудың үшінші кезеңі басталады. Енді жобаға 2016-2017 жылдар аралығында әкімдік кезегіне тұрған азаматтар да қатыса алады.  

Бағдарламаға қатысу үшін соңғы алты ай ішіндегі отбасының әр мүшесіне келетін отбасылық табыстың бір айлық көлемі 3,1 күнкөріс минимумынан аспайтын (2020 жылдың 1 сәуірінен бастап КМ – 32 668 теңгеге тең) еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістің (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығы мен басқа да міндетті аударымдарды есептемегенде) болуы талап етіледі. Яғни, 2020 жылы отбасының әр мүшесіне келетін табыс көлемі 101 271 теңгеден аспауы тиіс.

Бағдарламаның бірінші кезеңінде 19 140 өтініш қабылданды, оның 6690-ы кезекке тұру датасына (1986-2010жж.) сай келді. Нәтижесінде жалпы көлемі 6 млрд астам теңгеге 470 несиелік өтініш мақұлданды.     

Бағдарламаның екінші кезеңінде 18 770 өтініш қабылданды, оның 14 061 кезекке тұру датасына (2011-2015жж.) сай келді. Нәтижесінде жалпы көлемі 14 млрд астам теңгеге 1031 несиелік өтініш мақұлданды.     

Екі кезеңді қоса алғанда 37 910 өтініш қабылданып, оның 20 751 кезекке тұру датасына (1986-2015жж.) сай келді. Нәтижесінде жалпы көлемі 20 млрд 300 млн теңгеге жуық қаражатқа 1500 несиелік өтініш мақұлданды.     

«Шаңырақ» пилоттық жобасын жүзеге асыру үшін ҚР Ұлттық банкінің еншілес ұйымының қаражатынан 210 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу жоспарланған. Оның 90 млрд теңге көлеміндегі алғашқы бөлігі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне түсті. Осы бюджетке сәйкес, еліміздің шамамен 7-8 мыңдай отбасын баспанамен қамтамасыз етуді жоспарланып отыр. Жылдық мөлшерлемесі 5 пайызға тең (ЖТСМ 5,2%), жеңілдетілген заемды алу үшін, бағдарлама қатысушылары әкімдік кезегінде тұрулары қажет. Сондай-ақ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шоттарына займ мөлшерінің 10 пайызынан кем түспейтін соманы бастапқы жарна ретінде жинаулары қажет. Несиелендіру мерзімі 20 жылға дейін.

Аталмыш бағдарлама бойынша тұрғын үйді тек жаңа соғылған үйлерден ғана алуға болады. Бұл «5-10-20» бағдарламасы бойынша жергілікті әкімдіктер соғып жатқан несиелік тұрғын үйлер мен жеке құрылыс компаниялары соққан үйлер (сондай-ақ, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ кепілдігі бар).

«Шаңырақ» бағдарламасы бойынша пәтер алуға болатын құрылыс компанияларының тізімін www.hcsbk.kz сайтынан жүктеп алуға болады.

Әкімдіктер салған несиелік тұрғын үйлердің 1 шаршы метрі бойынша келесі баға мөлшерлері белгіленген: Алматы қаласында 240 мың теңгеге дейін,
Нұр-Сұлтан қаласында 220 мың теңгеге дейін, Шымкент қаласы мен Алматы маңындағы аймақтарда 200 мың теңгеге дейін, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан, Қарағанды қалалары мен Қарағанды облысында 180 мың теңгеге дейін, басқа өңірлерде 160 мың теңгеге дейін.

Пәтерлер жеке құрылыс компаниялары соққан үйлерден сатып алынған жағдайда ең жоғары заем сомасы: Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 18 млн теңге, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Қарағанды қалалары мен Қарағанды облысында 15 млн теңгеге дейін, ал қалған өңірлерде 12 млн теңгеге дейінгі баға ұсынылған.

Әкімдік кезегінде тұрған азаматтар бағдарламаға қатысу туралы және төлем қабілеттілігін бағалау жөніндегі өтініштерін тек www.hcsbk.kz сайты арқылы электронды түрде бере алады. Бұл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына да, әзірше банктен салым ашып, клиенттер қатарына қосылып үлгермеген тұрғындарға да қатысты.

Өтініш беру мерзімі: 2020 жылдың 14 қазан – 13 қараша аралығында.

 

Бағдарламаға қатысу үшін жасалатын 6 қадам:

1-қадам: www.hcsbk.kz банк сайтындағы «Қолжетімді тұрғын үй/«Шаңырақ» пилоттық жобасы бөлімі арқылы электрондық өтініш беру;

2-қадам: Банк сайтында өтініш берген күннен бастап 3 күн аралығында банк қызметкерінің қоңырауын күтіп, оған жауап беру. Ол несиелендіру шарттарыны мен  бағдарлама талаптарын жіті түсіндіріп, өтініш тапсыру үшін сізді банк бөлімшесіне жазады; 

3-қадам: Төлем қабілеттілігіңізді бағалау үшін құжаттарыңызды алып, банк бөлімшесіне белгіленген уақытта келу;

4-қадам: Займды мақұлдау жөнінде банктің оң шешімін алу;

5-қадам: Банк талаптарына сай, жеке құрылысшылардан жаңа тұрғын үй табу (сондай-ақ, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ кепілдігі бар), сату-сатып алу немесе үлестік қатысу келісімдерін жасау;

6-қадам: Банктен заем алу.

Заемды алу үшін өтініш берушінің жинақ шотында несие көлемінің 10% кем түспейтін тұрғын үй құрылыс жинағы болу керек.

Әкімшілік кезегіне қай уақыттан бастап есепке тұрғаныңызды egov.kz сайты арқылы немесе жергілікті атқарушы билік органдарынан білуге болады.

Хабар 24 телеарнасы