432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елорда тұрғындары көп қабатты үйдегі қонақжайға шағымдануда

  • 296
  • UPD: 13:01, 14.10.2020

Елордада мәселесі шаш етектен келетін тұрғын үй бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жертөле суға толады, Пәтер иелері кооперативі жұмыс істемейді, тазалық пен тәртіп мүлде сақталмайды. Әлеуметтік мәселесі аздай, енді бұған жеңіл жүрістілердің кәсібі де қосылды. Елорданың ескі вокзал аумағындағы көп қабатты үй тұрғындары осылай деп, арнамызға хабарласты.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Көп қабатты үйде орналасқан қонақжай. Ішімдік ішіп, есірткі тұтынған меймандар және суға толған жертөле. Бұл – елорданың ескі вокзал аумағындағы тұрғын үйге қатысты проблемалары. Көпшілік екінші қабаттағы қонақ үй жұмысына наразы. Жұрттың айтуынша, кәсіп иесі көп қабатты үйді жеңіл жүрістілердің ордасына айналдырып жіберген. Сондықтан тұрғындар сотқа арызданып, бизнесті тоқтатуды сұраған.

Шамсутдин Албогачиев, қала тұрғыны:

- Олардың жуынатын бөлмесі менің жатын орнымның дәл төбесінде орналасқан. Ондағы дыбыстың бәрі маған естіледі. Олар үйдің бастапқы жоспарын өзгертіп жібергенге ұқсайды. Себебі, бір пәтерде 8 бірдей бөлме бар, әрі сонша жуынатын орын жасаған.

Екінші қабаттағы қонақ үй коммуналдық қызметке де ақы төлемеген. Жертөле болса, суға жиі толады. Тұрғындар бизнес иесін кінәлайды.

Жанат Базаров, сантехник:

- Мынау сорғыш. Канализация жүреді. Екінші қабатта қонақүй бар. Соның түгел суы осында ағады. Жазда ғана жөндеу жұмыстарын жасадық. Жұмасына 2-3 рет су ағады. Көріп тұрсыз, қағаз да жатыр. Темекі, дәретхана қағазсын тастайды. Осы жер толғаннан кейін ақырын келеді да, лифтіге ағады. Сосын оны мәжбүрлі түрде тоқтатамыз.

Тұрғындар мен қонақ үй арасындағы дау 2010 жылдан бері жалғасып келеді. Кәсіпкер наразылыққа қарамастан, бизнесін бір күн де тоқтатпаған. Тіпті келушілер арасында бірнеше рет заңбұзушылық тіркелген.

Евгений Родиков, қала тұрғыны:

- Бизнесіңізге кедергі болғымыз келмейді. Бірақ ортақ тәртіпке бағыну деген бар. Үйдің айналасы қоқысқа толды. Үйді жақсы жағдайда ұстап тұрсақ дейміз. Сіздің қонақтар бәрін бүлдіріп кетеді. Ал сіз болсаңыз, мүлік иелерінің бірлестігіне де ақша төлемейсіз.

Кәсіпкердің де өз уәжі бар. Қонақ үй құжаттары түгел әрі заңды дегенді алға тартты.

Шолпан Жұмағұлова, кәсіпкер:

- Үйдің техникалық құжаттары түгел. Бизнес нысан ретінде пайдалануға рұқсат алғанмын. Жалға беруіме болады. Салық органдарынан анықтамам да бар. Мүлік иелерінің бірлестігі құрылды дегенді естіп, көңіліме бір сенімділік ұялады. Әйтпесе, ақшаның қайда кеткенін білмейтін едім. Енді төлем жасайтын болам.

«Жалпы көп қабатты үйде қонақ үй ашып, қызмет көрсету қаншалықты заңды және оны жабу мүмкін бе» деген сауалмен шаһар әкімдігіне хабарластық. Ондағылар әзірге жауап берген жоқ. Ал ішкі істер органдары бұл қонақ үй қызметіне қатысты соңғы 3 айда 3 рет арыз түсіп, заңбұзушылық тіркелгенін хабарлады. Тіпті бір мәрте іс сотқа жолданған. Осылайша, әкімдік құзіретіндегі шаруамен тұрғындардың өздері айналысуға мәжбүр. Атқарушы орган араласпаса, дауға бүгін-ертең нүкте қойылуы екіталай. 

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Аян Сәрсенбаев

 

 

Хабар 24 телеарнасы