429,38 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістандықтар автопарк қызметіне наразы

  • 237
  • UPD: 15:00, 14.10.2020

«Жолақыны көтерген соң автопарктің материалдық-техникалық базасы жаңарады. Яғни, жаңадан автобустар алынады». Түркістан билігі тұрғындарға осылай деп уәде берген еді.

Қазір қоғамдық көліктің жолақысы қымбаттағанымен, автобустар мәселесі әлі күнге дейін шешілген жоқ. Қала тұрғындары «техника әбден ескірген, оған қоса, аялдамаларда ұзақ күтуге мәжбүрміз», деп наразы.

Түркістанда жолақысы қаңтарда қымбаттады. 50-ден 70 теңгеге. Бұған жанар-жағармай бағасының ауытқуы себеп. Жалпы тарифті көтеру жергілікті көлік компаниясының бастамасы. Тасымалдаушының осы әрекетпен автопарктің жартысын жаңғырту ойы болған. Бұл жағдайды сол кезде әкімдік былайша түсіндірді.

Жандос Байырханов, қала әкімінің орынбасары:

- Көптеген талаптар қойдық. Қазіргі уақытта соған сәйкес келісімшартқа түзетулер енгізілді. Әр пункт бойынша өзінің уақыты бар. Мысалы қоғамдық көліктерді жаңарту бойынша осы 2020 жылдың аяғына қарай жаңарту керек деген талап қойылды. Сол талаптардың бекітілген графиктердің орындалуын әрі қарай қадағалайтын боламыз. Егер де тасымалдаушы тараптан келісімшарттың пункттері орындалмаса, біз оны бұзуға мәжбүр боламыз.

Содан бері бір жыл өтті. Ал түркістандықтар сол баяғы ескі автобустармен қатынап жүр. Іші тар қоғамдық көліктерде әлеуметтік арақашықтық ұстану деген атымен жоқ.

Әбілқайыр Нарғұбеков, қала тұрғыны:

- Халық күннен күнге көбеймесе, азайып келе жатқан жоқ қой. Сондықтан 50/50 автобустарды жаңарту керек. Мүмкін емес ол. Ақша тапсақ болды дегендей болып жатыр да.

Жанна Балабекова, қала тұрғыны:

- Көп күтеміз, біріншіден. Екіншіден, автобус кішкентай және ескі. Мысалы мен таңертең үйден шыққанда 30 минут күттім. Күткенде автобусқа мінейін десем, ішінде адам деген толып жатыр.

Роза Байтақова, қала тұрғыны:

- Үшінші маршруткалар олар ескі. Бар ғой тазалары да, жаңасы бар.

Облыс орталығына айналған екі жыл ішінде Түркістанға жаңадан бар-жоғы 26 автобус әкелінді. Келесі сатып алу шарасы қашан өтетіні белгісіз.

Байдулла Оразбеков, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Биыл 36 жаңа автобус алу жоспарымызда бар-тұғын. Ол үшін облыстық бюджеттен 1 млрд 200 млн теңге қаржы бөлінген. Бәсекелестік орта болғандықтан, ол әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы конкурс жариялап, ол конкурстың барысында олар өз талаптарынан өте алмай, конкурс өтпей қалды.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша келесі байқау келер жылы өтеді. Ал, қазір Түркістанда 275 автобус қызмет көрсетеді.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Самат Нағашбекұлы, Ерболат Әбішов

Хабар 24 телеарнасы