430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарыздық еңбекті реттеу туралы заң жобасы мақұлданды

  • 131
  • UPD: 14:37, 14.10.2020
Қарыздық еңбекті реттеу туралы заң жобасы мақұлданды Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті.

Онда депутаттардың бастамасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қарыздық еңбекті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Құжат қарыздық еңбек саласында еңбек етуші азаматтарды әлеуметтік қорғауға, сондай-ақ жұмыс берушілер тарапынан олардың еңбек үшін сыйақы алу құқығы сақталуын, еңбек жағдайларын қауіпсіздік және гигиена талаптарына сәйкес қамтамасыз етуге бағытталған.

Заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин:

– Қай кезеңде де еңбек мәселесі өте маңызды. Сондықтан бұл саланы әрқашанда заң деңгейінде қорғау үшін дер кезінде нақты қадамдар жасалып келеді. Соның бірі бүгінгі біз мақұлдаған заң жобасы. Осы құжатта қарыздық еңбекті реттеу деген нормалар енгізілді. Бұл азаматтарды жұмыспен қамту және олардың әлеуметтік жағдайын сақтау жолында тағы бір жаңа мүмкіндік деуге болады, – деді.

Сонымен қатар Еңбек кодексінде қабылдаушы және жіберуші тараптар жұмыскерінің құқықтары мен міндеттері ескерілген. Мәселен, қабылдаушы тарап жұмыскерлерінің негізгі жалақысынан төмен емес жалақы мөлшерін реттейтін нормалармен толықтыру ұсынылған. Сондай-ақ, қарыздық жұмыскердің еңбек қызметі уақытындағы жазатайым оқиғалар кезіндегі тергеп-тексеру тәртібін және персоналды беру жөніндегі қызметтерді көрсету бойынша қызметті жүзеге асыру тәртібін реттейтін нормалар қарастырылған.

Бүгінгі жалпы отырыста депутаттар Еуразиялық патент конвенциясына өнеркәсіптік үлгілерді қорғау туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Хаттаманың мақсаты – өнертабысқа арналған еуразиялық патенттерді тіркеудің қолданыстағы жүйесіне ұқсас өнеркәсіптік үлгілерге қатысты құқықтарды алудың өңірлік жүйесін құру.

Осы жүйені құру республикадан тыс жерлерде өнеркәсіптік үлгілерге қорғау алу рәсімдерін жеңілдетуге және Еуразиялық патент ұйымының Еуразиялық патент ведомствосына бір өтінім беру жолымен әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді.

Жалпы отырыс барысында Палата бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Олар қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту туралы кодекске түзетулер енгізу, сондай-ақ Ұлттық қордан 2020-2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт және республикалық бюджет пен бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелеріне қатысты заң жобалары бар.

 

Хабар 24 телеарнасы