428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте тұрғындардың табиғи газ тартуына шектеу қойылған

  • 93
  • UPD: 20:40, 14.10.2020

Шымкентте табиғи газ жеткіліксіз. Қазіргі таңда мегаполисте шағын және орта бизнес үшін ғана емес, қарапайым тұрғындар үшін де газ құбырын тартып оны қосуға уақытша шектеу бар. Мұндай мәселе шаһардың  республикалық маңызы бар қала  мәртебесіне ие болғаннан кейін пайда болды. Себебі  іргелес жатқан Түркістан облысының аумағынан қалаға 40-тан астам елді мекен қосылды. Абоненттер саны көбейген соң қолданыстағы газ тарату бекеттерінің қуаттылығы бәріне жеткіліксіз болды. 

Шымкент қаласының тұрғыны Елена Бакаева бір жылдан бері табиғи газды қостырмаққа әрекеттеніп келеді. Ол тұратын орам бұрыннан газдандырылған. Ал мұнда жаңадан салынған жеке үйлерге көгілдір отын берілмей отыр. Себебі осы маңға табиғи газды тарататын станция шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеуде. Сондықтан Елена сынды тұрғындарға жаңа газ тарататын станция қосылғанша әліптің артын бағуға тура келеді.

Елена Бакаева, қала тұрғыны:

- Қалада газдың күш-қуаты мардымсыз. Бұл мәселе қашан шешімін таппақ? Жыл өтсе де көгілдір отынға жарымай отырмыз. Бұл мені қатты мазалайды, өйткені егер үйде жылу болмаса, қабырғалары құлайды. Себебі жеке тұрғын үйдегі жылудың өзі газға тәуелді. Амалдап күн көрудеміз.

Қазір қалада газға жаңа абоненттерді қосуға мораторий жарияланған. Мұндай шектеу шаһарда 2019 жылдан бері ендірілген. Ал бұған себеп Шымкентте газдың жетіспеушілігі. Қала тұрғындары газ тапшылығын іргелес аудандардың аумақтары Шымкентке қосылған кезде сезінді. Себебі қала сол тұста миллион тұрғыны бар алыпқа айналды. Сол кезден бастап қосымша шағын аудандар мен жаңа нысандар пайда болды. Шымкент өсіп, дамып келе жатты, ал қолданыстағы екі газ тарату станциясы жүктемені көтере алмады.

Жолшыбек Шайхсламов, қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы:

- Бүгінгі күнге дейін қалада газдың жетіспеушілігі туралы мәселе бар. Қазір шаһар тұрғындарының 92% көгілдір отынмен қамтылған. Ал халықтың 8% газды тұтына алмай отыр. Оған себеп қолданыстағы  газ таратушы 1 және 4-станциялардың күші қаланың барлық аумағына жетпейді. Қуаттылығы  бар болғаны сағатына 180 текше метр.

Шынында да 250 мың абонент газды тұтынғысы келгенімен оған әзірге мүмкіншілік жоқ. Бұл газ тапшылығы мәселесін шешу үшін қазір қалада өткізу қабілеті 250 000 м3 /сағ болатын  Автоматтандырылған газ тарату станциясы нысанының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба бастапқыда 2021 жылы аяқталады деп жоспарланған болатын. Дегенмен, станцияны осы қараша айында қолданысқа бермек. 9 миллиард теңгеге салынып жатқан газ тарату станциясы қалаға жаңадан қосылған елді мекендерді толық қамтымақ.

Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы