432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде қатерлі ісікке шалдыққандар психолог көмегіне зәру

  • 131
  • UPD: 22:38, 14.10.2020

Қатерлі ісік ауруына шалдыққан жандар психологиялық қолдауға зәру. Осындай күйге түскен ақтөбелік бір топ азамат арнайы орталық ашуды өтініп отыр. Бұл орталық күйзелісте жүргендерге кәсіби көмек алуға әрі ауыр дертті жеңуге көмек болар еді.

Светлана Секенова қатерлі дертке душар болғандығын өткен жылдың тамыз айында білген. Содан бері бірнеше рет химиялық ем-дом қабылдап, хирургиялық операцияны да бастан кешірген. Дерті жанына батып, күйзелістен өмірден түңілгендігін де жасырмайды. Қиын сәтте қасынан табылған жақындарының арқасында өмірге құштарлығы қайта ояныпты.

Светлана Секенова, қала  тұрғыны:

- Алғашында төбемнен жай түскендей болды. Сырқаттанғанымды мойындағым да келмеді. Уайым-қайғыдан жан-дүнием құлазыды. Мұндай жағдайға дертті жандар да, олардың жақындары да душар болады. Жақында бір қыз хабарласып, онкологияға шалдыққан апасына қалай басу айту керек деп ақыл сұраған. Мұндай адамдар көп кездеседі. 

Қатерлі ісік ауруына душар болған азаматтар Ақтөбедегі Марат Оспанов атындағы медициналық университетіне қарасты орталықта емделеді. Шамамен 200 кереуеттік мекемеде екі психолог маман еңбек етеді. Алайда Светлана Секенова мұны жеткіліксіз деп отыр. Аурухананың психологтары әрдайым қағазбастылықтан арыла алмайтын көрінеді.   

Светлана Секенова, қала  тұрғыны:

- Ол жерде мынадай жүйе қалыптасқан. Кабинетінің есігін аттаған сәттен терапевттен жолдама талап етеді. Содан кейін ғана қабылдайды. Дертіңмен жан қайғы болып жүргенде кезек күтіп, жолдама алудың өзі мұң. Сондықтан қолды бір сілтеп, бұрылып кетуге тура келеді.

Тығырыққа тірелген жандарды Жанат Сеидова қолдауға әзір. Психология саласында он жылға жуық тәжірибесі бар. Кәсіби көмегін ақысыз көрсетуге де келісіпті. Алайда дертті болған азаматтарды қабылдайтын ғимараттың жоқтығы қолбайлау болып отыр.

Жанат Сеидова, психолог:

- Онкологиялық ауруханаға барғанымда көптеген жандардың жалғыз екендігін көремін. Жанарының жарығы сөніп, өмірден түңіліп жүреді. Қолымнан келе тұра, жағдайды көре тұра көмектеспегенім қате болар деп шештім.

Психологтардың мұндай көмегі артық етпейтіндігі ақиқат. Себебі қазір Ақтөбе облысында 7 жарым мыңнан астам адам қатерлі ісік ауруына шалдыққан. Жыл басынан мыңнан астам жаңа дерек тіркеліп отыр. Осыған орай медициналық университет жанындағы орталықтың жетекшісі еріктілердің бұл ұсынысын қолдауға да әзір екендігін жеткізді.

Бекмырза Ілиясов, М. Оспанов атындағы БМУ медициналық орталығының жетекшісі:

- Аурулардан болсын, басқа азаматтардан болсын ұсыныстар болып жатырса, мынау біздің психологиялық көмектің сапасын жақсарту бойынша біз дайынбыз қабылдауға, бірге отырып сол мәселені шешуге. Есік ашық. Келсін, кездессін. Бүкіл мамандарды шақырамыз. Өзіміздің психологтар бар.

Мамандардың айтуынша қазір өкпе-тыныс алу жолдары онкологиясы көптеп кездеседі. Және қатерлі ісік дерті жастардың арасына да дендеп барады. Сондықтан медициналық ем-домнан бөлек жан-жақты психологиялық қолдау көрсету де маңызды.

Авторлар: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы