427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе халқы табиғатқа жасалған қастандықтың азабын тартуы мүмкін

  • 146
  • UPD: 22:21, 14.10.2020

Ақтөбедегі сегіз өзенге қатысты даулы жобаға өзгеріс енгізу үшін жергілікті бюджеттен тағы 69 миллион теңге бөлінді. Ол келер жылдың ақпанында дайын болмақ. Содан соң қоғамдық талқылауға түсіп, көпшілікпен мақұлданса құрылыс жұмыстары қайта жалғасады.

Бұл қаланы құрғақшылықтан құтқара ала ма? Жергілікті экологтар «жағдай осылай жалғаса берсе 5-6 жылда қала маңындағы өзендер түгел тартылып қалады» деп дабыл қағып отыр.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Осыдан үш төрт жыл бұрын ғана Ақтөбедегі ең үлкен мына Елек өзенінің ағысы тулап жататын. Тіпті көктем кезінде арнасынан асып, тасқын су жақын маңдағы үйлерге дейін жететін. Жағасы жасыл желекпен көмкерілген жайпат еді. Ал қазіргі халі мынау. Орманы оталып, топырақпен көмілген. Су сырқырап ғана ағады. Жергілікті экологтар тіршілік нәрінің тартылуына өзеннің ұлтанын тазалап, арнасын кеңейту жұмыстары себеп болды дейді.

2017 жылы осы маңдағы жүздеген үйді топан су басқан еді. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін сол кездегі билік арнайы жоба жасап, қала маңындағы 8 өзеннің  арнасын кеңейтуге кіріскен. Оған мемлекеттік бюджеттен алты миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Жергілікті экологтар жобада кемшілік көп екенін айтып дабыл қақса да құрылыс жұмыстары басталады. Нәтижесінде экожүйе бұзылып, бұлақ көздері бітелген.

Александр Мандрыкин, қоғам белсендісі:

- Ұлтанын ғана тазарту керек еді. Олар ауыр құрылыс техникасын әкеліп арнасын кеңейтіп тастады. Тіпті кей жерлерге бетон құйды. Ғасырлар бойы қалыптасқан су жолын қопарып, маңындағы жасыл желекті отады. Осының бәрі булану аумағын кеңейтіп әрі тездетіп жіберді. Жасалған жоба қоршаған ортаны қорғау емес құртуға бағытталған сияқты. Қаладағы су қоймалар негізінен жаңбыр мен қар және осы өзендерден жиналатын. Ал бұлар кеуіп жатыр. Қордағы су да азайып жатыр. Осылай жалғаса берсе Ақтөбе сусыз қалады.

Қазір қала маңындағы сегіз өзеннің үш-төртеуінің ұлтаны мүлде кеуіп қалған. Қалғанының суы да жылдан жылға азайып барады. Бұл жерасты суларының да тартылуына әкеліп жатыр.

Светлана Маркович, волонтерлер қозғалысының жетекшісі:

- Өзендерді жоғалту арқылы біз үлкен мәселеге тап болып отырмыз. Жергілікті билік өзеннің тартылуы жерасты суларымен байланысты емес, жерасты суы таусылмайды деп, бізді жұбатуға тырысып жатыр. Шын мәнінде жаңа аудандар бой көтеріп, қала үлкейіп жатыр. Олар 8-9 метр тереңдіктен су шықпай жатқанын айтады.

Ал жергілікті билік өкілдері тоқтаған жобаны қайта жалғастыру ниетінде. Әрине көптің ескертуі еленіп, өзгерістер енгізіледі. Осы өзгерістерді енгізу үшін жоба авторларына жергілікті бюджеттен тағы 69 миллион теңге беріледі.

Мирас Әжібаев, қалалық ТҮКШ бөлім басшысының орынбасары:

- Проектінің өзін коректировкаға жіберді. Проектінің коректировкасы 2021 жылдың ақпанын айында шығады. Проект шыққаннан кейін қала тұрғындарымен, қоғамдық кеңестермен талқылау өтеді. Қоғамдық кеңестер келісе ме, келіспей ме. Егер оң шешім алса проект бойынша құрылыс, тазарту жұмыстары жалғасатын болады. Жобаның өзгерістері енгізіп жатқан ең бастысы өзен айналасындағы жасыл талдарды кеспеу, соларды айналып өту деген жағын қарастырып жатыр. Ең бастысы өзенің ішін тазалап кетеді болды.

Бұған дейін жергілікті волентерлер өзен маңындағы бұлақ көздерін қолмен аршуға бірнеше рет шыққан. Бірақ бұл теңізге түскен тамшыдай ғана. Алып арнаны толтыра алмайды. Олар жобаны қайта жалғастыруға негіз жоқ дейді.

Светлана Маркович, волонтерлер қозғалысының жетекшісі:

- Біздің ойымызша, жобаға өзгеріс енгізудің еш қажеті жоқ. Бұдан әрі бүлдіруі мүмкін. Ең бастысы өзеннің ұлтанын тазалайтын арнайы техника алып керек жерінде ғана су жолын ашу керек. Өзен арнасын кеңітудің де ұлтанын тереңдету де қазір өзекті емес. Өйткені көп су жоқ.

Қазір ақтөбеліктердің пікірі екіге жарылған. Бірі айтып келмейтін апаттың алдын алу үшін өзендердің арнасын кеңейту жұмысын жалғастырғанды жөн санайды. Енді бір бөлігі судың жүрер жолын ғана тазалап, жағасына қайта ағаш егу керек дегенді алға тартады. Жалпы өңірдің су мәселесін шешуге бағытталған 6 миллиард теңгенің бүгінде 4 жарым миллиард теңгесі бар. Енді оның қайда, қалай жұмсалатыны келер жылы қоғамдық талқылауда шешілмек.

Авторлар: Талғатбек Әбдіқожа, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы