429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақбұлақ өзеніне кәріз суы құйылып жатыр – елордалықтар

  • 184
  • UPD: 09:27, 15.10.2020

Ақбұлақ өзеніне кәріз суы құйылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елордалық тұрғындар су арнасының ластануына алаңдап, әлеуметтік желіге видео жариялады. Артынша құзырлы мекемелер тиісті сынамаларды алды. Нәтижесінде, өзеннің бүлінгені расталып отыр. Бірақ өкінішітісі сол, өзенге тартылған кәріз құбырларының кімге тиесілі екені белгісіз.   

Ақбұлақ өзеніндегі жағдай елорда тұрғындарын бей-жай қалдырмады. Әсіресе, экологтар дабыл қағып жатыр. Өйткені, бұл – қаладағы демалысқа қолайлы әрі балықшылар жиі жиналатын орын. Осыған байланысты салаға жауапты мамандар аталған аумаққа тексеріс жүргізді және нәтижесінде кәріздік суларды төгу фактісін анықтады. Енді оған ресми түрде көз жеткізу үшін өзен суынан және жер бедерінен сынама алынды.

Елдана Өсер, «Қазгидромет» РМК инженер-химигі:

- Сынама жүргізу нәтижесінде шекті нормадан асу бағасы берілді. Бұл минералдар, хлоридтер, тұзды амони және кальций бойынша берілді. Бұл адам ағзасына зиян емес. Қоршаған ортаға зиян келтірмейді.

Бұл – «Қазгидрометке» қарасты зертхананың берген қорытындысы. Оған паралель қалалық экология департаменті де тексеріс жүргізіп жатыр және оның нәтижесі аптаның соңына қарай шығады. Қалай болғанда да, лас қалдықтардың құйылып жатқаны анық.

Жанболат Қайранбеков, қалалық экология департаменті басшысының орынбасары:

- Қазіргі уақытта осы факт бойынша экология департаменті тарапынан жергілікті органдарға хат жолданып, құбыр кімнің құзіретінде кіретіні, кімнің балансында екені анықталып жатыр. Осы аптаның аяғына дейін талдаудың нәтижелері анықталып, құбырдың кімге тиесілі екенін анықтағаннан кейін біз тиісті шараны қолданамыз.

Иә, енді осы құбырдың кімге тиесілі екенін анықтау қалып тұр және бұл оңай емес дейді мамандар. Белгілісі, лас қалдықтар А.Пушкин мен Ш.Құдайбердіұлы көшелерінің қиылысындағы аумақта. Ал ол жерде құрылыс нысандары бар. 

Авторлары: Аслан Қаженов, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы