432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сенаторлар жеңілдетілген ипотекалық несие алу мәселесін көтерді

  • 138
  • UPD: 13:08, 15.10.2020
Сенаторлар жеңілдетілген ипотекалық несие алу мәселесін көтерді

Сенат депутаттары азаматтардың осал санаттары үшін жеңілдікті ипотекалық бағдарламалардың қолжетімсіздігіне, сондай-ақ балама нұсқалар ұсынбай тұрып азаматтарды жалғыз тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға жол бермеуге Үкіметтің назарын аударды.

Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров пен депутат Ләззат Сүлеймен ҚР Премьер-министріне жолдаған депутаттық сауалында қазіргі уақытта тұрғын үй алу кезегінде шамамен 530 мыңға жуық адам тұрғанын және жыл сайын олардың саны тағы 50 мың адамға көбейіп келе жатқанын атап өтті. «Нұрлы жер» бағдарламасына кіретін «Шаңырақ» (5-10-20) қанатқақты жобасы әкімдіктерде тұрғын үй алуға кезекте тұрғандарға ипотекалық несие беруді көздейді. Зейнетақы қорынан берілетін соңғы алты айдың үзінді көшірмесі кірістерді растау нысаны болып табылады.

«Осы жобаны іске асыру тәжірибесі көрсеткендей, осал санаттағы, оның ішінде мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін қолжетімсіз болып отыр. Алайда қазір 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар адамдар олардың еңбек табыстарын растаудың болмауына байланысты, жеңілдетілген ипотекалық кредитке қол жеткізе ала алмай отыр», – деді Ләззат Сүлеймен.

Депутат сондай-ақ «7-20-25» бағдарламасы көптеген қазақстандықтар үшін едәуір қолжетімді болып табылады, алайда ол бастапқы тұрғын үй нарығында ғана жұмыс істейтінін атап өтті.

«Тұрғын үй салынып пайдалануға берілген кезде одан пәтер табу қиын, себебі бастапқы тұрғын үй нарығы алыпсатарлар қызметінің объектісі болып табылады. Олар бір уақытта бірнеше пәтер сатып алатыны белгілі. Осыған байланысты азаматтар алдын ала брондау шартымен тұрғын үй сатып алуға мәжбүр, бұл азаматтарды қосымша шығындарға әкеледі», – деді Сенат депутаты.

Осыған байланысты сенаторлар «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйді екінші нарықтан алуға рұқсат етудің тиімді әрі арзан екенін ұсынып отыр.

Сенаторлар «Баспана хит» бағдарламасы қайталама тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндік беретінін, алайда бұл бағдарлама кредит бойынша пайыздық мөлшерлеменің (10,75 %) жоғары және қарыз беру мерзімінің (15 жыл) аз болуына байланысты ай сайынғы кірісі 170-180 мың теңгеден төмен азаматтардың басым көпшілігіне қолжетімсіз екенін де айтты.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда риэлторлардың қызметі тиісті заңнамамен реттелмеген. Тұрғын үй нарығында бірыңғай тәртіп, стандарттар мен қағидалардың болмауы клиенттердің сенімсіздігін туғызуда. Қалыптасқан жағдай адал жұмыс істейтін риэлторлық компаниялар үшін де, осы қызметті тұтынушылар үшін де айтарлықтай қиындық келтіруде», – деді Ләззат Сүлеймен.

Депутаттардың айтуынша, қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға азаматтарды жалғыз тұрғын үйінен мәжбүрлеп көшіру жайттары да теріс әсер етеді.

Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров пен депутат Ләззат Сүлеймен сауалда мәжбүрлеп шығаруға тыйым салу негіздерінің тізімі сапалы түрде жан-жақты қайта қаралу керек екенін, сондай-ақ алдын алу шараларын қабылдау, атап айтқанда, азаматтардың ипотекалық қарызды төлеу жөніндегі тәуекелдері мен мүмкіндіктеріне мұқият талдау жүргізе отырып, азаматтарға ипотекалық қарыздар беру кезінде екінші деңгейдегі банктердің бақылауын күшейту қажеттігін атап көрсетті.

Хабар 24 телеарнасы